86 келі қазы бургер Қазақстанның рекордтар кітабына енді
«Balkhash Tour Fest» фестивалінде Қазақстанда бұрын-соңды тіркелмеген ерекше рекорд орнатылды. Фестиваль аясында салмағы 86 келі 400 грамм болатын алып қазы бургер әзірленіп, Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді. Бірегей бастаманы Балқаш қаласындағы «Baurdaq» мейрамханалар желісі, «Балқаш нан» ЖШС және «Maxi Чай» компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. Рекордты тіркеу рәсіміне Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков арнайы қатысып, алып қазы бургердің жаңа рекорды ретінде тіркелгенін жариялады.

Рекордтық тағамның жалпы салмағы – 86 келі 400 грамм. Диаметрі – 88 сантиметр. Ал, биіктігі – 39 сантиметр. Мамандардың айтуынша, мұндай көлемдегі қазы бургер бұған дейін елімізде әзірленбеген.

– Былтыр Шымкент қаласында өткен «RestFest» фестивалінде жергілікті аспаздар салмағы 67 келі болатын бургер дайындап, рекорд орнатқан еді. Ал, бүгін Балқашта әзірленген қазы бургер ол көрсеткіштен әлдеқайда асып түсті. Осылайша, жаңа ұлттық рекорд тіркеліп отыр. Жаңа жетістік құтты болсын, – деді Бақытжан Сәбитұлы.

Ал, Балқаштағы «Baurdaq» филиалының директоры Аян Нұрбековтің айтуынша, рекордтық тағамды әзірлеуге екі айға жуық уақыт жұмсалған.

– Дайындық жұмыстары ең алдымен нан пісіруден басталды. Мұндай көлемдегі нанды әзірлеу оңай болған жоқ. Сондықтан, осы іске атсалысқан «Балқаш нан» ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұған дейін үлкен нанды бірнеше бөлікке бөліп пісірген болатынбыз. Себебі, тұтас күйінде пісіруге мүмкіндік беретін пеш болмаған еді. Бұл жолы нан толықтай бір бүтін күйінде дайындалды. Оны шамамен 40 минут бойы пісірдік, – дейді ол.

Рекордтық қазы бургерді дайындауға 20 келі сиыр еті, 20 келі тауық еті және 15 келі қазы пайдаланылған. Сонымен қатар, салат жапырақтары, қызанақ пен арнайы тұздықтар қосылған.

– Бұл жетістік тек біздің ғана емес, «Балқаш нан» ЖШС мен «Maxi Чай» компаниясының да ортақ жеңісі. Сонымен қатар сахна сыртында еңбек еткен көптеген әріптестеріміздің маңдай терінің жемісі деп білеміз. Бургерді қайырымдылық мақсатта таратамыз, – деді Аян Алтайұлы.

Осылайша «Balkhash Tour Fest» фестивалі Қазақстан рекордтар кітабына енген жаңа жетістікпен есте қалды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



