“Balkhash Tour Fest”: Екінші күннің бағдарламасы қандай?
“Balkhash Tour Fest – 2026” фестивалінің алғашқы күні әсерлі шаралармен есте қалса, екінші күннің бағдарламасы да мазмұнды әрі қызықты болмақ. Ұйымдастырушылар Балқаш тұрғындары мен қонақтары үшін спорттық, экологиялық, танымдық және ойын-сауық бағытындағы ондаған іс-шара дайындаған.

Фестивальдің екінші күні «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясынан басталды. Қатысушылар Балқаш көлінің жағалауын тазартуға атсалысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосады.
Фестиваль аясында «Пляжный драйв» алаңында жағажай волейболы, мас-рестлинг, армрестлинг, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Балалар мен отбасылар үшін арнайы ойын-сауық аймақтары, шеберлік сабақтары, аквагрим, шығармашылық және интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.

Қонақтар Балқаштың балық экожүйесіне арналған көрмені тамашалап, судағы ойын-сауықтарға қатыса алады. Сондай-ақ жасанды интеллект алаңы, робот-қақпашы, «Гиганттық дженга» және «Өз ізіңді қалдыр» секілді танымал аймақтар жұмыс істейді.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – аспаздар арасында өтетін гастрономиялық байқау. Қазақстандағы ең үлкен қазыбургер әзірленіп, жаңа рекорд орнату жоспарланған. Шараға «КИНЭС-2026» Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері қатысады. Экстримді ұнататындар үшін Pike Man жаппай жүзу жарысы өтсе, экология мен туризм тақырыбына қызығушылар «Экология және болашақ денсаулығы» семинарына қатыса алады.

Кешкі уақытта фестиваль алаңы қайтадан мерекенің орталығына айналады. Қонақтарды Battle Dance би сайысы, Халықаралық волонтерлер форумының жабылу рәсімі, сыйлықтар ұтысы және танымал өнерпаздардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама күтеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



