БалқашАймақБас тақырып

«Balkhash Tour Fest»: халықаралық волонтерлік форум – тәжірибе мен ынтымақтастық алаңы

«Balkhash Tour Fest» фестивалі аясында халықаралық волонтерлар форумы өз жұмысын бастады. Бұл шара еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еріктілер мен шетелдік меймандардың басын қосқан маңызды алаңға айналып отыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Форумға Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Үндістан елдерінен келген өкілдер арнайы қатысып, өздерінің сәтті жобаларымен бөлісті. Шетелдік қонақтардың тәжірибесі отандық жастар үшін жаңа идеяларға серпін берді.
Әсіресе, Әзербайжаннан келген спикердің баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оның айтуынша, бүгінде Әзербайжандағы волонтерлық ұйым елдің 67 қаласында белсенді жұмыс істейді. Ең бастысы – бұл қозғалысқа мемлекет тарапынан, атап айтқанда, ел Президентінің тікелей қолдауымен үлкен көмек көрсетіліп келеді. Бұл волонтерлықтың жай ғана қоғамдық бастама емес, мемлекеттік деңгейдегі маңызды институт екенін көрсетеді.
Халықаралық тәжірибемен қатар, форум отандық еріктілердің де өзара байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

—Бұл форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен волонтерлар келіп қатысуда. Шара бізге өте жақсы әсер қалдыруда. Әр өңірдің белсенді жастарымен жақынырақ танысып, қарым-қатынасты нығайту алдағы уақытта бірлескен үлкен жобаларды жүзеге асыруға өзінің зор септігін тигізетіні сөзсіз, — деді «Біз бармыз» волонтерлық орталығының жетекшісі Абибулла Нұрбол Темурұлы.

Расымен де, мұндай халықаралық деңгейдегі басқосулар жастардың тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа идеялар мен ортақ мақсаттарға бірігуіне жол ашады. Қарағанды өңіріндегі «Балқаш тур фест» аясындағы бұл бастама алдағы уақытта ауқымды әлеуметтік, мәдени және экологиялық жобалардың бастауы болады деген сенім мол.

Ақжігіт САҒЫНТАЙ

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button