Qarmet металлургиялық комбинатында салынып жатқан №8–9 жаңа кокстық батареялардың құрылысына компанияның өз өндірісінде шығарылған арматура пайдаланылуда. Стратегиялық жобаға бүгінде А400 маркалы мың тоннадан астам арматура жұмсалып, кәсіпорын толық өндірістік циклдің тиімділігін іс жүзінде көрсетіп отыр.

Бұл фактінің маңызы ерекше. Qarmet тек ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып қана қоймай, өз өнеркәсіптік базасына сүйеніп, стратегиялық маңызды нысанды салуда өз металын қолданады. Бұл толық өндірістік циклдің қуатын айқын көрсетеді: шикізаттан бастап болат қорытуға дейін және дайын прокатқа дейін, ол өз кезегінде комбинаттың өзін дамытуға жұмсалады.

– А400 маркалы арматура сенімділігімен, беріктігімен және жоғары жүктемелерге төзімділігімен өзін жақсы көрсетті. Дәл осындай сипаттамалар ірі өнеркәсіптік нысандарды салу кезінде аса маңызды, өйткені конструкциялардың беріктігі болашақ өндірістің қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімділігімен тікелей байланысты, – деп атап өтті Qarmet компаниясының №8–9 кокстық батареяларын салу жобасының жетекшісі Сергей Сидорков.

№8–9 жаңа кокстық батареялар Qarmet-тің жаңартылған металлургиялық тізбегінің маңызды буынына айналады. Олардың құрылысы кокс-химия өндірісін жаңғыртуға, домна кезеңінің тұрақтылығын арттыруға және кәсіпорынның технологиялық базасын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Qarmet сұрыпты прокат өндірісіндегі өз құзыреттерін дамытуды жалғастыруда. Қолданыстағы қуаттарға қосымша ретінде компания биыл жылына 540 мың тонна өнім шығаратын жаңа станның құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру өнім түрлерін кеңейтуге, прокат сапасын арттыруға және құрылыс саласы, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысандар үшін сұранысқа ие арматура түрлерінің, соның ішінде А500 және А1000 маркаларының өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде кокстық батареялар құрылысы алаңында болашақ кешеннің негізі қалануда. Комбинаттың өзінде өндірілген металды пайдалану Qarmet-тің толық өндірістік циклінің практикалық маңызын және компанияның өз өнімінің сапасына деген сенімін көрсетеді.
№8-9 кокстық батареялардың құрылысы металлургиялық комбинатты кешенді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Сонымен қатар басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда: мырыштау және полимерлі жабындар желісін салу, сұрыпты прокат өндірісін дамыту, сондай-ақ құю-прокат кешенін құру. Бұл бастамалар өндірістік базаны жаңартуға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды кеңейтуге және кәсіпорынның технологиялық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жұмыстың негізінде Qarmet-тің өз ресурстары, өндірістік құзыреттері және инженерлік әлеуеті жатыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



