Қарағанды облысында туристік инфрақұрылым дамып келеді
Биылғы жазғы туристік маусымда Қарағанды облысында ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Өңірде туристік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа маршруттар мен сервистер іске қосылуда.

Туристерге ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Қарағанды қаласындағы Туристік ақпараттық орталықтың қызметі кеңейтіліп, Қарағанды теміржол вокзалы, халықаралық әуежай және Балқаш әуежайында жаңа визит-орталықтар ашылды. Бұл қонақтарға өңірге келген сәттен бастап қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қарқаралы, Балқаш, Қарағанды және Теміртау бағыттарындағы туристік маршруттарға сұраныс артып келеді. Туристерге өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи көрікті жерлерін таныстыруда кәсіби гидтердің рөлі ерекше.

Өңір туризмін насихаттауда әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар да белсенді қолданылуда. Cуреттер және бейнематериалдар, ақпараттық турлар мен блогерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар Қарағанды облысының туристік әлеуетін кеңінен танытуға ықпал етуде.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



