Туризм саласын дамыту – Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі. Ауданның басты туристік орталығы әзірге жыл сайын облысымыздың мыңдаған тұрғындары мен қонақтарын өзіне тартатын Топар кентіндегі Шерубай-Нұра су қоймасының жағалауы болып отыр.

Осы өңірдің облыс орталығына жақын орналасуы және көлік қатынасының арқасында су қоймасының жағалауы ең танымал демалыс орындарының біріне айналуда. Мұнда тәулігіне 4 мыңға дейін демалушыны қабылдай алатын коммерциялық және ведомстволық демалыс аймақтары орналасқан. Жазғы маусымда жағалауға жылына 150 мыңнан астам адам келіп, тынығады.
Бүгінде бұл жердегі туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Ол демалушыларға қолайлы жағдай жасауға ғана емес, сонымен қатар инвесторлар мен бизнес үшін тартымды заманауи туристік аумақ қалыптастыруға бағытталған.
Соның ішінде, негізгі бағыттардың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 2025 жылы Шерубай-Нұра су қоймасының оң жағалауы бойында 2,6 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп, биыл бұл жұмыстар жалғасуда. Туристік нысандарға апаратын 11,9 шақырым жолды орташа жөндеу де жүзеге асырылуда. Соның ішінде, оң жағалауда орналасқан 4,7 шақырым жолдың жөндеуі аяқталып қалса, сол жағалаудың 7,2 шақырым жолы жөнделу үстінде. Аталған жобаларды жүзеге асыру туристік нысандардың көлік қатынасын едәуір жақсартып, демалушылардың жайлы демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мұнда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қолға алынған. Яғни, Шерубай-Нұра су қоймасының жағалауы бойымен электрмен жабдықтау желілерін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алды. Сондай-ақ, демалыс аймақтарындағы ұялы байланыс пен интернет желісінің сапасын одан әрі жақсарту мәселесі де қарастырылуда.
Топар кентінің коммуналдық жағажайын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл оны абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба аясында кіреберіс жолды кеңейту және нығайту, автотұрақ аймағын ұйымдастыру, жағажай аумағын тазарту және ұлғайту, көлеңкелі шатырлар, автономды жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату қарастырылған. Оны іске асыру аудан тұрғындары мен қонақтарының демалысына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Туризм саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – инвестиция тарту. Сол бойынша Шерубай-Нұра су қоймасының жағалауында жыл бойғы туризмді дамытуға және көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Осындағы ең маңызды жобалардың бірі – кәсіпкер Любовь Токупованың жетекшілігімен заманауи демалыс аймағы мен «SERENITY» ретрит орталығын құру. Жоба отбасылық және сауықтыру туризмін дамытуды көздейді. Бұл жобаны іске асыру барысында коттедждер, қонақүй -мейрамхана кешені, монша кешені салынып, аумақ абаттандырылып, заманауи жағажай инфрақұрылымы пайда болды. Пайдалануға берілген бұл нысандардың жалпы ауданы шамамен 1600 шаршы метрді құрайды.
Ауданның туристік әлеуетін дамытуға тағы бір кәсіпкер Тимур Райымбеков те өз үлесін қосуда. Ол «Достық» спорт базасын дамыту жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Осы жоба аясында қонақүй кешені қайта жаңғыртылып, асхана мен спорт залы ашылып, жағажай аумағы кеңейтіліп, абаттандырылды. Бұл аумақта балалар мен жастар спортын дамытуға, спорттық жиындар мен жаттығу шараларын ұйымдастыруға ерекше назар аударылуда.
Жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар Абай ауданының туристік әлеуетін одан әрі нығайтуға ықпал етуде. Бүгінде Шерубай-Нұра су қоймасы облысымыздағы ең ірі рекреациялық аумақтардың бірі болып табылады. Ал, жүзеге асырылып жатқан жобалар жыл бойғы заманауи туризмді дамытуға және өңір тұрғындары мен қонақтарының демалыс сапасын арттыруға берік негіз қалыптастыруда.
– Бір ғана осы Шерубай-Нұра су қоймасының жағалауында туристерді тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарда туризм кластерінің нышаны бар, – дейді осы орайда Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ольга Цой, –Болашақта оны толық дәрежеге жеткізу үшін біздің ауданның туристік әлеуеті зор. Бұған біздің ауданда ресми тіркелген жергілікті маңызы бар 37 тарихи және мәдени ескерткіштер орындарына экскурсия, саяхат жасауды қосса, ауданымызға келетін туристер саны да еселеп артар еді. Облыс әкімдігінің 2024 жылғы 13 тамыздағы 5001-қаулысымен бекітіліп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген бұл мемлекеттік тізімде Абай ауданы аумағында археологтар зерттеп, белгілеген ерте темір, қола дәуірлеріндегі, орта ғасырдың қаншама қорғандары мен қорымдары, қоныстары, Қарлагтың «Мамочкина» зираты барлығы көрсетілген.
Қазірде еліміз бойынша 5 туризм кластері құрылып, жұмыс істеп тұрса, Абай ауданының туристік әлеуеті алдағы уақытта облысымызда құрылатын туризм кластерінің бір бөлшегі болары анық.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы



