АймақБалқаш

Жаздың ең жарқын фестивалі

Қазақстанның інжу-маржаны атанған айдынды Балқаш биыл да жаздың ең жарқын оқиғасының біріне куә болмақ. Табиғаттың қайталанбас сұлулығы мен туристік әлеуеті тоғысқан көл жағалауы 19-20 маусым күндері мыңдаған қонақты қарсы алуға әзір. Көл жағалауында өтетін Balkhash Tour Fest 2026 мәдениет, спорт, туризм және инновацияны тоғыстырған ірі алаңға айналмақ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге еліміздің әр өңірінен турис­тер келеді деп күтілуде.

Қазірдің өзінде фестиваль алаңында қызу дайындық жүріп жатыр. Мамандар сахна құрып, техникалық жабдықтарды орнатуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 19-20 маусым күндері Ақшалы жағажай аймағы музыка мен спорттың, ұлттық дәстүр мен заманауи технология­лардың, демалыс пен ойын-сауықтың орталығына айналады. Фестивальге қонақтардың жайлы қатынауы үшін ұйымдастырушылар арнайы шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, фестиваль күндері қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін 10 тегін автобус бағыты ұйымдастырылып, қатысушылардың іс-шара орнына кедергісіз жетуіне мүмкіндік жасалады.

Balkhash Tour Fest бағдарламасы әртүрлі жастағы көрермендерге арналған мазмұнды іс-шараларға толы. Спортты серік еткен азаматтар үшін фестиваль аясында ұлттық және заманауи спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Соның ішінде, 20 маусым күні күш-қайрат пен төзімділікті талап ететін әлемдегі ең тартысты күш спортының бірі – мас-рестлингтен жарыс ұйымдастырылады. Бұл додаға қатысушылар өз күшін сынап, жеңіс жолында бар мүмкіндігін салса, көрермендер нағыз спорттық бәсекенің куәсі болады. Ұйымдастырушылар спорт сүйер қауымды жарыс алаңына келіп, спортшыларға қолдау көрсетуге шақырады.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – отбасылық демалысқа басымдық берілуі. Арнайы сауда және ойын-сауық аймақтарында балаларға арналған киімдер, ойыншықтар, велосипедтер мен басқа да қажетті тауарлар ұсынылады. Балаларға арналған қызықты бағдарламалар, аниматорлар мен ойын алаңдары жұмыс істейді. Би, музыка және мыңдаған көбік бұлттары мерекелік көңіл күй сыйлайды. Жаздың шынайы атмосферасын сезініп, достармен және отбасымен уақыт өткізудің тамаша мүмкіндігі дәл осы фестивальде болмақ.

Биылғы фестивальдің серіктесі – Baiqymyz.kz компаниясы да көпшілікті таңғалдырмақ. Компания ұйымдастырушылармен бірлесіп, ерекше гастрономиялық жоба әзірлеуде.

Музыкалық бағдарлама да фестивальдің басты сәні болмақ. Биылғы хедлайнерлер қатарында тыңдарманның жүрегінен орын алған танымал өнерпаздар өнер көрсетеді. Атап айтқанда, сахнада Miras Zhugunussov, Ayau, 6ELLUCCI, Domino, Nurlan & Murat және Qazaq Band өздерінің ең үздік әндерін орындайды. Кешкі уақытта Балқаш жағалауында концерт ұйымдастырылып, мыңдаған көрермен сүйікті әндерін бірге шырқайды деп күтілуде. Бұл – жазғы маусымның ең әсерлі музыкалық кештерінің бірі болмақ.

Фестивальде ең көп күтілетін оқиғаның бірі – Балқаш көлі үстіндегі ауқымды дрондар шоуы. Жүздеген дронның көмегімен түнгі аспанда ерекше композициялар бейнеленіп, көрермендерге жарық пен технологияның ғажайып үйлесімі ұсынылады. Биыл ұйымдастырушылар цифрлық технологияларға ерекше назар аударған. Осыған орай фестивальге арналған арнайы AI-анимация әзірленді. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалған бұл жоба Балқаштың туристік әлеуетін жаңа форматта таныстыруға бағытталған.

Фестиваль қарсаңында өңірдегі турис­тік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар да жүзеге асырылды. Атап айтқанда, сарапшы мамандар халықаралық қызмет көрсету стандарттары, туристермен жұмыс істеудің заманауи әдістері және сервис сапасын арттырудың тиімді тетіктері жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Balkhash Tour Fest бүгінде жай ғана фестиваль емес. Ол – Балқаштың туристік мүмкіндіктерін танытатын, кәсіпкерлікке қолдау көрсететін, мәдениет пен спортты насихаттайтын, өңір экономикасының дамуына серпін беретін ірі жобаға айналды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button