ҚарқаралыАймақБас тақырып

Қарқаралыда «Keruen Inn» қонақ үйі салтанатты түрде ашылды

Ашылу рәсіміне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенхан, Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов, «Petroretail» компаниясының басшылығы, серіктестер мен өңір тұрғындары қатысты.

Суреттер Қарқаралы ауданы әкімдігінен

Жиын барысында қонақтар жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысып, туризм мен сервистік инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атады. 

«Keruen Inn» желісі Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде табысты жұмыс істеп келеді. Қарқаралыдағы жаңа қонақ үй – компанияның туристік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы кезекті жобасы.


Заманауи талаптарға сай салынған қонақ үйде 31 жайлы нөмір қарастырылған.

Сонымен қатар, балаларға арналған ойын бөлмесі жабдықталып, отбасылық демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Қонақтардың жайлы тынығуына арналған заманауи жабдықтар мен жоғары деңгейдегі қызмет көрсету бар. Қонақ үй аумағында автотұрақ қарастырылып, электр қуатымен жүретін көліктерге арналған зарядтау станциясы орнатылған.


Жаңа нысанның іске қосылуы Қарқаралы өңірінің туристік тартымдылығын арттырып, қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауданның сәулеттік келбетіне көрік қосып, ішкі туризмді дамытуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button