Балқашта зейнеткер қызына қарсы алимент өндіру ісінде жеңілді
Балқаш қаласында зейнеткер өз қызына қарсы сотқа талап арыз беріп, ай сайын өз күтіміне 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде алимент өндіруді сұраған. Оның айтуынша, күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша қаражат қажет болғанымен, қызы материалдық көмек көрсетпейді.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз әрі көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда сот бұл істі қарау барысында талап қоюшының шынымен материалдық көмекке мұқтаж екендігін дәлелдейтін негіздердің жеткіліксіз екенін анықтады.
Сот мәліметінше, зейнеткер ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алады. Сонымен қатар оның иелігінде екі қабатты тұрғын үй мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар.
Талапқа жауап берген қызы өз кезегінде жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын айтты. Оның сөзінше, балалардың әкесінен алимент алмайды және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына шамамен 85 мың теңге табыс табады. Ол әкесінің материалдық жағдайы тұрақты екенін, жалғыз тұратын коттеджі, автокөлігі және тұрақты зейнетақысы бар екенін алға тартқан. Сондай-ақ дәрігерлер оған тек дәрумендер қабылдауды ұсынғанын жеткізген.
Іс материалдарын зерттеген сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. Зейнеткер тұрақты емделуге қомақты шығын шығаратынын, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі қажеттіліктерін өтеуге жетпейтінін растайтын нақты дәлелдер ұсынбаған.
Бұдан бөлек, сот барысында талап қоюшыға ұлы тарапынан материалдық көмек көрсетілетіні де анықталған. Сот оның зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан отбасылық келіспеушіліктер бар екенін ескерді.
Нәтижесінде сот тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сот шешімі заңды күшіне енген, оған шағым түсірілмеген.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



