Халықаралық дәрежедегі ММА спорт шебері, қолма-қол ұрыс пен ушу-саньдадан спорт шебері Алтынбек Думанұлы жаңа спорт академиясының негізін қалаған. Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нуратов пен Қазақстан ММА федерацияларының президенті Сағындық Мекеев қатысып, клубтың ашылу лентасын қиды. Сонымен қатар, басқарма басшысы осындай спорт нысандарының маңызы зор екенін атап өтіп, сәттілік тіледі.
Аралас жекпе-жек жанкүйерлері Алтынбек Думанұлының есімін жақсы біледі. Спорттағы алғашқы қадамын бокстан бастаған жерлесіміз кейін аралас жекпе-жекке бет бұрып, осы салада табысты кәсіби мансап қалыптастырды. Ол 13 жылға жуық уақыт бойы халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетіп, ABADAN FC ұйымының чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Кәсіби спорттағы жемісті жолын 2020 жылы аяқтап, бүгінде жинақтаған тәжірибесін жас буынның тәрбиесі мен спорттық дамуына бағыттап келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығын нығайтудың маңызды тетігі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, осындай әлеуметтік маңызы бар спорт нысандарының ашылуы өңірде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді. Бүгінде Қарағанды облысында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 42,4 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осындай игі бастама көтеріп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап отырған кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін. Бұл – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосылған маңызды үлес, – деді Нұркен Қанатұлы.
Сағындық Мекеев жастардың дамуына спорт секциялары керек екенін атап өтті.
– Алтынбек Думанұлы – халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, үлкен жетістіктерге жеткен спортшы. Ол ABADAN FC ұйымының чемпиондық белбеуін жеңіп алып, кәсіби мансабында өзін мықты спортшы ретінде дәлелдеді. Біздің басты мақсатымыз – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың бойына спорт арқылы тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру. Бұл ретте Алтынбек сияқты чемпиондардың өнегесі жас буын үшін аса маңызды. Биыл күзде аралас жекпе-жек спорты Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп, жарыс алғаш рет Жапонияда өтеді. Қуантатыны, біздің қыздарымыз іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, аталған додаға жолдама алды. Бұл – өңір спорты үшін үлкен жетістік. Қазіргі уақытта спортшыларымыз Ақтөбе қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, алдағы жауапты жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатыр, – деді Сағындық Мекеев.

Спорт кешені екі қабаттан тұрады. Төменгі қабатта спортшылардың жалпы дене дайындығын жетілдіруге арналған заманауи кроссфит залы орналасқан. Мұнда тиімді жаттығу өткізуге қажетті құрал-жабдықтардың барлығы қарастырылған. Ал, екінші қабатта аралас жекпе-жек бойынша негізгі жаттығу залы жұмыс істейді. Кең әрі қолайлы залда спортшылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, барлық қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
– Аралас жекпе-жек – ағзаның барлық бұлшық еттері мен дене мүшелері қатар жұмыс істейтін спорт түрі. Сондықтан, біздің академия үшін кроссфит залының болуы өте маңызды. Спортшылардың күш-қуатын арттырып, функционалдық дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Жаттығу барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлдік. Осы мақсатта зал қабырғалары жұмсақ қорғаныш төсеніштерімен қапталды. Бұл бір жағынан спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан жекпе-жек техникасын жетілдіруге көмектеседі. Аралас жекпе-жек кездесулері арнайы торлы алаңда өтетіндіктен, жаттығу залына да арнайы қабырғалар орнаттық. Мұнда спортшылар қарсыласын қабырғаға тіреп жұмыс істеу секілді жекпе-жек элементтерін меңгеріп, тәжірибесін шыңдай алады. Мен жас кезімнен осындай спорт залын ашуды армандадым. Кәсіби спорттағы мансабымды аяқтағаннан кейін сол арманымды жүзеге асыруға бел будым. Жинақтаған тәжірибем мен білімімді жас спортшылармен бөлісіп, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне үлес қосқым келеді, – деді Алтынбек Думанұлы.

Айта кетейік, Алтынбек Думанұлы клубын жеке қаражаты есебінен ашқан. Кәсіби спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін кәсіп ашып, бұл салада да біршама уақыт қызмет еткен. Кейін клубын ашу үшін өз кәсібінен түскен қаражатты жұмсаған. Алдағы уақытта Қарағанды облысындағы ММА федерациясы филиалының әкімшілігі де осы спорт кешенінде орналасады деп күтілуде. Академияда жаттығу сабақтарын бірнеше топқа бөлген. Таңертеңгі уақытта 5-10 жас аралығындағы балалар қабылданса, күндіз және кешкі мезгілде жасөспірімдер мен ересектерге арналған жаттығулар өткізіледі.

Кәсіби спортшыларға арналған арнайы дайындық бағдарламалары қарастырылған. Бұдан бөлек, клубқа ақылы негізде қатысуға да мүмкіндік бар.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



