Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен осындағы Мәдениет үйінде өткен «Жыл отбасы – 2026» байқауы ондаған жылдар өзара түсіністік пен сыйластықта бақытты өмір сүріп келе жатқан абайлық отбасылардың өнегелі дәстүрлері мен құндылықтарын тағы да паш етті.

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады» деп атап өткендей, елімізде соңғы жылдары осындай тәлім-тәрбиелік шаралар өткізу дәстүрге айналған.
Бұл жолғы аудандық байқауға қатысқан 12 отбасының алтауы ақтық сында бақ сынасып, оларға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Көрпешова бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Атап айтқанда, бәсекеге түскен Қаби мен Көксеген отбасылары Сәрепті ауылынан болса, Сейфулғазиндер Топар кентінен, Чувашовтар Юбилейное, Әбілхайырлар Есенгелді ауылдарынан келіп, Туғамбаевтар Абай қаласынан бәйгеге қосылған екен.
Бұл күнгі отбасылар бәсекесі 5 кезеңнен тұрып, оған қатысушылардың еңбегі мен өнері 10 балға дейінгі ұпай санымен бағаланып отырды.
Сонымен, бірінші кезеңде әр отбасы өзін бейнеролик, фотослайд немесе музыкалық форматта таныстырса, екінші кезеңде зияткерлік сайысқа түсіп, берілген мақал-мәтелді жалғастырып, жекелеген сұрақтарға жауап береді. Ал, үшінші кезеңде олар ұйымдастырушылар дайындаған отбасылық ән орындау, ұлттық салт-дәстүрлер үлгілерін көрсету сияқты шығармашылық тапсырмаларды орындап, келесі төртінші кезеңде өз бойларындағы дарын, қабілеттерін танытып, соңғы кезеңде отбасы иелері – ерлі-зайыптылар жастармен отбасын сақтау, өзара түсіністік пен шаңырақ берекесі туралы өмірлік тәжірибелерімен бөлісулері тиіс.
Міне, осы сынақтар кезінде оған қатысқан 6 отбасының мүшелері де белсенді әрекет етіп, бар күші мен өнерлерін жұмсады.
Нәтижесінде өте тартысты өткен аудандық отбасылар байқауының жеңімпаздары анықталып, І орын алған Сейфулғазиндер отбасына диплом мен 200 мың теңгенің ақша сертификаты табысталса, ІІ орын иегері Туғамбаевтар да диплом мен 100 мың теңгенің ақша сертификатын алып, ІІІ орынның дипломы мен 50 мың теңгелік ақша сертификаты Чувашовтар отбасының еншісіне тиді.
Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне Абай ауданынан Сейфулғазиндер мен Чувашовтар отбасылары барып қатысатын болды.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы



