Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жол биыл толығымен аяқталады
Қазақстанда жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтау жоспарланып отыр, ал айдың соңына дейін орталық өңірдегі негізгі жобалардың бірі — «Қарағанды – Жезқазған» автожолының құрылысын бастау көзделуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап беру барысында айтты.

– Шынында да, өткен жылдың соңында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216 шақырымының құрылысы аяқталды. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтап, оны халық игілігіне беретін боламыз. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған» автожолы — аса маңызды жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы 575 шақырым, құны 524 млрд теңгені құрайды. Оның құрылысын да осы айдың соңына дейін бастаймыз және алдағы екі жыл ішінде сапалы түрде аяқтаймыз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жалпы еліміз бойынша биыл 11 мың шақырымнан астам жол күрделі, орташа жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылған. Сондай-ақ, жұмыстар жаңа көпірлер салу мен абаттандыруды қоса алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да жүргізілуде.
Алдағы жобалардың қатарында ұзындығы 765 шақырым, құны 725 млрд теңге болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы бар. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту шеңберінде «Ақтөбе-Қызылорда» учаскесі екінші санаттан бірінші санатқа ауыстырылатын болады. Ол бойынша жұмыстарды биыл бастау жоспарлануда.
Одан бөлек, Жаңаөзеннен Түрікменстанмен шекараға дейінгі жолды жаңғырту және жол инфрақұрылымының басқа да маңызды объектілерін аяқтау жалғастырылмақ.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



