АймақҚарағанды

Талдыда халықаралық археологиялық конференция өтеді

12 маусым күні Қарағанды облысындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде «Талды – 2026: Қола дәуірінен Орта ғасырларға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Ауқымды жиынға Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, археологтар, музей ісінің мамандары және реставраторлар қатысып, Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтау мәселелерін талқылайды. Конференцияның басты алаңы ретінде Қазақстандағы қола дәуірінің бірегей ескерткіштерінің бірі саналатын Қаражартас пирамидасы орналасқан Талды археологиялық кешені таңдалған.

Іс-шара барысында өңір тарихының қола дәуірінен Алтын Орда кезеңіне дейінгі даму ерекшеліктері, археологиялық зерттеулердің заманауи әдістері, сондай-ақ тарихи ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және музейлендірудің өзекті мәселелері сөз болады. Конференцияға Венгрия, Германия, Түркия, Ресей және Татарстаннан халықаралық сарапшылардың қатысуы күтілуде.

Бағдарлама аясында археологиялық зерттеулердің жаңа әдістемелеріне арналған семинар-тренингтер, Талды тарихи-археологиялық паркінің нысандарына ғылыми экскурсиялар және қазба жұмыстарында өтетін тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Қатысушылар назарына Талды аумағынан табылған құнды археологиялық жәдігерлер көрмесі де ұсынылады. Көрмеде сақ дәуіріне жататын қазан, қанжар, тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер мен ежелгі көшпенділер өркениетінің мәдениетін айғақтайтын басқа да тарихи артефактілер қойылады.

Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлері өз туындыларын таныстырып, этно-мәдени ұжымдар концерттік бағдарлама ұсынады.

Конференция қорытындысы бойынша Талды археологиялық кешені туралы деректі фильм түсіріліп, көпшілікке арналған танымдық подкасттар сериясы әзірленеді.

Талды тарихи-археологиялық паркі – ашық аспан астындағы бірегей музей. Оның аумағында қола және ерте темір дәуірлеріне жататын 200-ге жуық археологиялық ескерткіш орналасқан. Бұл парк бүгінде ғылыми зерттеу мен тарихи туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.

Жанерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button