АймақБас тақырып

Әнші Ардақ Балажанова Қарқаралы думанына «Байқымыз» әнін тарту етті

Фестивальдің рухани ажарын аша түскен өнерпаздардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі Ардақ Балажанова. Өнер иесі Қарқаралы төріндегі қымыз мерекесіне арнайы келіп қана қоймай, фестивальге арнап жаңа туынды әзірлеп әкелген.

Әншінің айтуынша, биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл жоба аз уақыттың ішінде халықтың ықыласына бөленген ауқымды ұлттық мерекеге айналып үлгерді. Оның мәні – тек қымыздың дәмін танытуда емес, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамын, ән-күйін, жалпы болмысын бір арнаға тоғыстыруында.

Суретті түсірген автор

– Ертеректе қазақ даласында «Қымызмұрындық» деген үлкен дәстүр болған. Оған елдің игі жақсылары, өнерпаздары жиналып, ұлттық тағамдарымызды, салт-дәстүрімізді, ән-күйімізді ортаға салған. Бүгінгі фестиваль де сол дәстүрдің жаңа сипатта жаңғыруы деп білемін. Оның тарихи Қарқаралы өңірінде өтіп жатқаны бәрімізді қуантады, – деді Ардақ Балажанова.

Өнер иесінің айтуынша, фестивальге жердің алыстығына қарамастан арнайы келіп жатқан жұрттың көптігі ұлттық рухқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бірі өнер көрсетуге, бірі туған топырақтың құндылығын сезінуге, енді бірі төл сусынның қадірін тануға келген.

– Мұнда өз ұлтын, қымызын, дәстүрін сүйетін қаншама адам жиналып жатыр. Біз өнерпаз ретінде әнімізді шашу етіп келдік. Қасымызда өнерге тікелей қатысы болмаса да, жұмысын, бала-шағасын қалдырып, арнайы келген достарымыз бар. Бұл – халықтың ұлттық құндылыққа деген шынайы ықыласы, – деді әнші.

Ардақ Балажанова осы фестивальге орай «Бай қымыз» атты жаңа ән дайындағанын айтты. Заманауи бағыт пен этно-элементтер үйлескен бұл туындының тұсауы Қарқаралы төрінде кесілмек. Әнші жаңа шығарманың болашақта фестивальдің тұрақты әнұранына айналуына үміт білдіреді.

– Бүгінгі қымыз фестиваліне арнайы «Бай қымыз» деген жаңа туынды әзірледік. Бұл әнді заманауи коллаборациямен, этно-элементтермен үйлестіріп ұсынғымыз келді. Бәлкім, келешекте жастар айтып жүретін танымал әнге, тіпті осы фестивальдің тұрақты гимніне айналып қалар деген ниет бар, – деді Ардақ Балажанова.

Әнші ұлттық дәмнің де өзіндік тәрбиелік мәні барын айтады. Жайлауда өсіп, ата-әже тәрбиесін көрген өнер иесі қымыздың түр-түрін ажырата білетінін, ал бүгінгі жастар үшін мұндай фестивальдердің танымдық маңызы зор екенін жеткізді.

– Қымыздың асауы да, жуасы да, дөнені де болады. Әр өңірдің шөбі, жері, табиғаты бөлек болғандықтан, қымыздың дәмі де әртүрлі. Бір адамның қолынан шыққан қымыз екіншісіне ұқсамайды. Осындай сан түрлі дәмді сезінгенде, ұлттық дәмге, өз ұлтыңа деген махаббатың ерекше оянады, – деді ол.

Ардақ Балажанова отандық қымыз өндірушілердің еңбегі жанып, ұлттық өнім әлемдік деңгейге көтерілуі керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қарқаралыдағы фестиваль алдағы уақытта шетелдік қонақтар арнайы келетін ірі халықаралық алаңға айналуға толық лайық.

– Қымыз өндірушілеріміздің еңбегі жана берсін, кәсібі дами түссін. Біздің қымызымызды ішу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келетін күнге жетейік. Келесі жылдары бұл алаңда 30 мың, 50 мың халық жиналатын үлкен халықаралық фестиваль өтсін деген тілегім бар, – деді әнші.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button