Қарқаралыда баспана кезегі жылжып келеді
Қарқаралы ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Соңғы екі жарым жылда ауданда үш қабатты екі көппәтерлі үй бой көтеріп, жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарығынан пәтерлер сатып алынған. Жалпы, осы кезеңде 58 пәтер ауданның коммуналдық қорына алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестірілді.

Баспасөз туры барысында аудан орталығындағы осы бағытта жүзеге асқан бірқатар тұрғын үй нысандары таныстырылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, пәтерлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге және жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға берілген.
2025 жылдың басынан бастап Қарқаралы ауданында жеке кәсіпкерлердің күшімен салынып жатқан тұрғын үйлерді коммуналдық қорға сатып алу жұмысы басталды. Бұл тәсіл аудан үшін баспана мәселесін шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны 27 тұрғын үй салынуда. Оларда барлығы 80 пәтер қарастырылған. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 6200 шаршы метр.
Атап айтқанда, бұл үйлерде көлемі 45,4 шаршы метр болатын 8 бір бөлмелі, көлемі 68,3 шаршы метр болатын 4 екі бөлмелі, 113 шаршы метрлік 5 төрт бөлмелі екі деңгейлі және көлемі 83 шаршы метр болатын 63 үш бөлмелі пәтер бар. Оның ішінде Матақ ауылында 4 үй салынып, 8 үш бөлмелі пәтер, Көктас ауылында 2 үй салынып, 4 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Ал, Қарқаралы қаласында 23 үйдің құрылысы жүргізіліп, онда бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер тұрғындарға берілмек.
Қарқаралы ауданы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Аманбаевтың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы аудандық және облыстық бюджет есебінен, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ Қарағанды облыстық филиалымен бірлесіп жүргізілуде.
– Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 2024-2025 жылдары 53 пәтер салынып, жергілікті бюджет арқылы сатып алынды. Бұл пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды. Биыл осы тәсілмен тағы 76 пәтер беру жоспарланып отыр. Қазір «Отбасы банк» арқылы азаматтарды пәтерлерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде, – деді Ерлан Аманбаев.
Баспасөз туры кезінде жоба аясында салынған екі қабатты таунхаус үлгісіндегі тұрғын үй де көрсетілді. Алты пәтерден тұратын нысанның бес пәтері жергілікті бюджет арқылы сатып алынып, көпбалалы отбасыларға берілген. Әр пәтердің аумағы – 113 шаршы метр. Екі деңгейлі кең баспана көпбалалы жанұялардың тұрмысына қолайлы етіп салынған.
– Бұл үйлерді жеке құрылысшылар салады, кейін жергілікті әкімдік сатып алып, тұрғын үй кезегіне сәйкес үлестіреді. Мұндағы пәтерлердің барлығы көпбалалы отбасыларға берілді. Үйдің ерекшелігі – өз жылыту жүйесі бар. Сонымен қатар, биыл оны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу да көзделіп отыр. Жалпы, ауданда ескі жер үйлерді бұзып, олардың орнына екі және төрт пәтерлі жаңа үйлер салу жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді, – деді бөлім басшысы.
Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Назгүл Мұратбекқызы. Оның отбасы тұрғын үй кезегінде он жылдан астам уақыт тұрған.
– Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа баспанаға қол жеткізіп, қуанышымызда шек болмады. Көп жыл күткен арманымыз орындалды. Үй жылы, кең, тұрмысқа өте қолайлы. Ең бастысы, қаланың қақ ортасында орналасқан. Балалардың мектепке, өзіміздің күнделікті шаруаға қатынауымыз да жеңілдеді. Осындай мүмкіндікке ие болғанымызға ризамыз, – дейді көпбалалы ана.
Аудан әкімдігі тұрғын үй мәселесін шешуде тек аудан орталығын ғана емес, ауылдық елдімекендерді де қамтуға басымдық беріп отыр. Матақ пен Көктас ауылдарындағы жаңа үйлер осының нақты көрінісі. Бұл ауыл тұрғындарының да баспана кезегін жылжытып, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазір Қарқаралы ауданында 780 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр 53 отбасы баспанамен қамтылса, биыл жыл соңына дейін тағы 76 отбасына пәтер беру жоспарланған. Жауапты бөлім өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй құрылысы мен дайын пәтерлерді сатып алу жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



