АймақБас тақырып

Қарағанды облысында әлеуметтік салаға бағытталған 50-ге жуық цифрлық жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысында бүгінде экономиканың және әлеуметтік саланың негізгі бағыттарын қамтитын 50-ге жуық цифрлық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде 2026-2030 жылдарға арналған Smart City стратегиясы бекітілген. Құжат жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге, қалалық инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий мәлімдеді.

Суретті түсірген автор

Бүгінде өңірде GreenMap, JewelScan және CellMap секілді цифрлық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын жүйелер де бар. Сонымен бірге мамандар цифрландырудағы басты мәселе технология немесе қаржы емес, уақыт екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда бізде тиімділікті арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – GreenMap. Бұл жүйе жасыл желектерді түгендеуге жұмсалатын еңбек шығындарын 60 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жол инфрақұрылымын автоматтандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жобалар іске асырылуда. Нейрондық желілер рутиналық процестерді автоматтандырып, деректерді талдау дәлдігін арттыруға және басқару шешімдерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді, – деді спикер.

Цифрландырудың тұрғындарға ең жақын әрі көрінетін бағыттарының бірі – «Senim109» бірыңғай байланыс орталығы. Қызмет тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, түрлі мәселелердің жедел шешілуіне ықпал етеді. Қазіргі таңда жоба облыстың барлық 13 қаласы мен ауданын, 358 елді мекенді қамтиды. Қызмет іске қосылған уақыттан бері тұрғындардан түскен 1 миллионнан астам өтініш өңделген. Өтініштердің уақытылы қаралуын қамтамасыз ету үшін 433 мемлекеттік мекемемен және 30 коммуналдық ұйыммен өзара байланыс жолға қойылған.

– Қызмет жұмыс істеген кезеңде өтініштердің шамамен 80 пайызы операторлар деңгейінде шешімін тапты. Тұрғындардан 15 мыңнан астам алғыс пікір келіп түсті. Бұл халықтың қызметке деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді «Senim109» қызметінің өкілі.

2025 жылы байланыс орталығына 176 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 77 пайызы операторлардың жедел ақпарат беруі арқылы шешілген. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында ғана орталыққа 70 мыңнан астам өтініш тіркелген. Тұрғындар көбіне жолдардың жабылуы, денсаулық сақтау, көше жарығы, сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін көтерген.

Ұзақ қаралатын өтініштер де бар. Олар негізінен жол жөндеу, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру секілді ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстарға қатысты. Соңғы жылдары қызмет жұмысына мониторингтік бақылау да енгізілген. Арнайы топтар күн сайын қала аумағын аралап, ашық жатқан құдықтар, үзілген электр сымдары және тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өзге де жағдайларды анықтайды. Барлық мәлімет фото және бейне материалдармен тіркеледі.

Ақпараттық жүйеге енгізілген тағы бір жаңашылдық – «дейін» және «кейін» форматындағы фотобақылау. Бұл тұрғындарға мәселенің шынымен шешілгенін көруге мүмкіндік береді.Денсаулық сақтау саласы да Senim109 жұмысының маңызды бағытына айналды. 2025 жылдан бастап байланыс орталығы медицина мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қабылдай бастады.

Осы мақсатта өңірдегі 75 медициналық ұйымға автоматтандырылған жұмыс орындары енгізілген. Соның нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқарған.Соңғы бір жарым жылда медицина саласына қатысты 30 мыңнан астам өтініш түсіп, олардың 99 пайызы орындалған.

Сонымен қатар өңірде прокуратурамен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Таза Сенім» жобасы азаматтардың өтініштерін қарау процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Жоба мемлекеттік органдардың жауап сапасын бақылауға және формальды жауаптардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде өтініштердің сапасын бағалауға жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары басталған. Бұл адам факторын азайтып, мониторинг жүргізу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта «Senim109» байланыс орталығының базасында қоғамдық көлік диспетчерлік қызметі іске қосылады. Сонымен қатар тұрғындарға арналған мобильді қосымша әзірленіп, жасанды интеллект негізіндегі көмекшілер енгізіледі. Мамандардың айтуынша, цифрландырудың басты мақсаты – технологияны енгізу емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту.

Аружан ЖАНКИНА
ҚарҰЗУ-дің II курс студенті

Басқа материалдар

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button