АймақБас тақырып

Қарағандыдағы патриоттық форумға 4 мыңнан астам тұрғын жиналды

Тутұғыр алаңында Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты патриоттық форум өтті. Елдік рухты ұлықтап, көк байраққа құрмет көрсеткен салтанатты жиынға 4 мыңнан астам тұрғын жиналды. Олардың қатарында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, қоғам белсенділері, спортшылар, жастар және қала тұрғындары болды.

Суреттерді түсірген А. Марченко

Мерекелік форумның шымылдығы әсерлі көрініспен түрілді.

Алаңға Мемлекеттік Ту салтанатты түрде шығарылып, оны өңірдің белсенді жастары мен аймақ намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшылар көтеріп шықты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, батуттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының қатысушысы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, ұлттық құрама мүшесі Данил Мусабаев, жауынгерлік самбодан 2025 жылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Төлеухан Ниетхан, сондай-ақ, еркін күрестен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділ Оспанов болды.

Көк байрақ алаң төріне көтерілген сәтте Мемлекеттік әнұран шырқалып, жиналған жұртшылықтың жүрегінде елдік рух пен ортақ мақтаныш сезімі асқақтады.

Форум барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранымыз – тәуелсіздігіміздің темірқазығы, елдігіміздің еңселі белгісі. Бұл – ұлт рухын асқақтатып, халықтың жүрегіне ортақ мақтаныш пен сенім ұялататын қасиетті де қастерлі құндылықтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік рәміздер әрқайсымыздың бойымызда мақтаныш сезімін оятады. Сын сағаттарда да, жеңіске жеткен сәттерде де барша азаматты бір мақсатқа жұмылдырады. Ту, Елтаңба, Әнұранымыз халқымыздың тағдырына деген жауапкершілікті нығайтады. Мемлекеттік рәміздер мен Конституция – егемен еліміздің тұғыры мен тұрақтылығының берік негізі. Туымыз тұғырымызды, Елтаңбамыз елдігімізді, Әнұранымыз рухымызды айшықтай берсін. Мереке құтты болсын! – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Алқалы жиында облыс әкімі Жаңа Қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегі және облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін бірқатар азаматты Алғыс хатпен марапаттады.

Марапатталғандардың қатарында білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, спорт және құқық қорғау салаларының өкілдері бар.

Мерекелік жиын аясында жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін сіңіруге бағытталған дәстүрлі рәсім де өтті.

М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушылары Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданды.

Жас ұландардың салтанатты түрде ант беруі forum мазмұнын аша түсіп, рәміздерге құрметтің ұрпақ сабақтастығымен жалғасатынын көрсетті.

Өз кезегінде көк байрағымызды әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген Данил Мусабаев та мінберге көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда асқақтату – біз үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Әрбір жеңіс тұғырында Туымыз көтерілген сәтте туған елге деген мақтаныш еселене түседі. Көк туымыз үнемі биікте желбіреп, елдігіміз асқақтай берсін, – деді спортшы.

Патриоттық форум мерекелік концертке ұласты. Өңір өнерпаздары мен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қуандық Рахым әуелете ән шырқап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button