Балқашта әуежайға қатынайтын тегін автобус бағыты іске қосылды
Балқаш қаласында жолаушыларға қолайлы болу үшін №5 «Автостанция – Әуежай – Автостанция» жаңа автобус бағыты жұмысын бастады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа бағыт әзірге үш ай мерзімге сынақ режимінде іске қосылған. Автобустар әуе рейстері орындалатын күндері қатынайды. Қозғалыс кестесі ұшақтардың келу және ұшу уақытына сәйкестендірілген. Бұл жолаушыларға қосымша көлік іздемей, әуежайға немесе қалаға ыңғайлы жетуге мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың басты ерекшелігі – жол жүрудің толықтай тегін болуы. Жолаушылардан жолақы алынбайды.
Қала билігі тұрғындар мен қала қонақтарын жаңа бағыттың қызметін пайдалануға шақырады. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін №5 бағыттың тұрақты негізде жұмыс істеуі жолаушылардың пікірлері мен сұранысына байланысты шешілмек.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



