АймақБас тақырып

Өңірде жаппай демалуға арналған 149 орын белгіленді

Жазғы демалыс кезеңіндегі балалардың қауіпсіздігі бүгінде күн тәртібінде. Осы орайда төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияда балалар лагерьлерінің дайындығы, шомылу маусымындағы қауіпсіздікке баса назар аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ, балалардың терезеден құлау дерегінің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Суретті түсірген автор

Басқарма басшының айтуынша, қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағында балаларды жазғы сауықтырудың 13 лагері жұмыс істейді. Биыл екі нысанда профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ сауықтыру лагерінде тексеру жүргізілуде.

Балалардың келу кезеңінде лагерь қызметкерлері мен тәрбиеленушілерге өрт қауіпсіздігін түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, білім басқармасымен бірлесіп лагерьлерге комиссиялық тексерулер жүргізілуде. Тексерулер барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы мен балалардың қауіпсіз демалысына қажетті жағдайлар назарға алынуда, деді Елдос Араратұлы.

Ал, шомылу маусымына дайындық мәселесіне келсек. Өңірде жаппай демалуға арналған 149 орын ресми түрде белгіленген. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар департаментінің 1987 қызметкері мен 390 техникасы жұмылдырылған.

2025 жылы облыста 15 адам суға батып қаза болды, оның алтауы кәмелетке толмағандар. 2026 жылдың басынан бері су айдындарында үш ересек адамның қазасы тіркелген. Кәмелетке толмағандардың суға кету фактілері тіркелмеген. Азаматтардан тек рұқсат етілген орындарда шомылуды сұраймыз, – деді басқарма басшысы.

Қауіпті учаскелерде 197 тыйым салу белгісі орнатылған. Балқаш қаласындағы құтқару бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, Торанғалық пен Шұбартүбек кенттерінде модульдік ғимараттар салынуда.
Балалардың терезеден құлау дерегінің алдын алу мәселесі де кеңінен сөз болды. Биыл облыс аумағында балалардың терезеден құлауының 12 жағдайы тіркелген.

Биыл облыс аумағында балалардың терезеден құлауының 12 жағдайы тіркелді. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қауіпсіздік құлыптары мен терезе блокираторларын орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді Елдос Зияда.

Айта кеткен жөн, әлеуметтік желілер мен «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы да қауіпсіздік туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланып келеді. Биыл төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 141 қорғаныс құрылғысын орнатқан.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаменті «Hani» кофеханалар желісімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде кофе стақандарының сыртына QR-код орналастырылады. Кодты сканерлеген кезде балалардың қауіпсіздігі, терезеден құлау дерегінің және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы ақпарат беретін арнайы сайт ашылады.
Мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, суға тек арнайы жабдықталған орындарда түсуге және тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

Зере ӨМІРҒАЛИ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button