БалқашАймақБас тақырып

Балқаш әуежайы жөндеуден кейін алғашқы рейстерді қабылдады

Жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылған Балқаш әуежайы алғашқы рейстерді қабылдап, жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Алғашқы рейс бүгін таңғы сағат 11:00-де Балқаштан Алматы қаласына ұшты. Ал Астанадан шыққан алғашқы ұшақ сағат 13:25-те әуеге көтеріліп, Балқашқа 14:35-те қонды. Осылайша әуежай күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін алғашқы жолаушыларын қабылдады.

Суреттерді түсірген автор

Бүгін “Астана – Балқаш” бағыты бойынша қалаға 80 жолаушы келді. Алғашқы жолаушылар легін Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қарсы алды.

– Жалпы, Балқаш әуежайы жөндеуден кейін алғашқы жолаушыларын қабылдады. Бұл – қала үшін жақсы жаңалық. Әуежайда заманауи күту залы, ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бөлме және басқа да қажетті қызметтік орындар қарастырылған. Сонымен қатар, әуежай аумағында арнайы техникаларға арналған ғимарат салынды. Ұшақтарға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы осы жерде орналасқан және әуе кемелері техникалық тексеруден осы нысанда өтеді. Бұдан бөлек, ұшақтар қонатын перрон толық жаңартылды. Ол барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Балқаш туристік қала болғандықтан, алдағы уақытта басқа бағыттар бойынша да әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Астана қаласынан келген жолаушылардың бірі, зейнеткер Жұмажан Сәдуақасова Балқашқа демалу мақсатында келгенін айтты.

– Балқашта зейнеткерлерге арналған демалыс орындары ашылғанын естіп, құрбым екеуміз Астанадан арнайы келдік. Билеттерді бір апта бұрын сатып алдық. Тіркеуден ұшуға бір сағат қалғанда өттік, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Балқаш бағыты бойынша екі әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Олар – SCAT Airlines және Qazaq Air. Екі бағыт бойынша билет құны шамамен 16 мың теңгені құрайды.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button