АймақБас тақырып

Қарағандыдағы экосаябаққа тағы мың түп көшет отырғызылды

Қарағанды мен Майқұдық шағын ауданының арасындағы жаңадан бой көтерген экосаябақ күн өткен сайын жасыл желекке оранып келеді. Бұл жолы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыс пен қала қоғамдық кеңестерінің мүшелері бірлесіп, экосаябақ аумағына мың түп ағаш отырғызды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Табиғатты түлетуді мақсат еткен игі бастамаға Балқаш, Шахтинск, Саран, Приозерск қаласы мен Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет ауданынан арнайы келген делегациялар қатысып, экосаябақты көгалдандыру жұмысына өз үлестерін қосты.

Әуелі қала әкімі Мейрам Кожухов өңір басшысына Қарағанды мен Майқұдықтың арасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын таныстырды.

Содан соң облыстық мәслихат депутаты Мира Махатчина ағаш көшеттерін дұрыс отырғызу тәсілін көрсетіп, акцияға қатысушыларға бағыт-бағдар берді. Өңір басшысы сөз сөйлеп, жасыл желекке оранып келе жатқан экосаябақтың алдағы уақытта тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.

– Қазақта «Асар» деген тағылымы терең дәстүр бар. Бір адамның қолынан келмейтін істі көп болып жұмылып атқару – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Үй тұрғызса да, қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созса да, ел болып асарға жиналған. Бүгін біз осы жерде сол асыл дәстүрдің заманауи үлгісін көріп отырмыз. Облыс тұрғындарының осымен үшінші апта қатарынан осы жерге келіп, экосаябақты көгалдандыруға атсалысуы – туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.


Сонымен қатар, өңір басшысы өз сөзінде экосаябақты көгалдандыру жұмысына атсалысқан әрбір азаматтың еңбегіне ерекше тоқталды.

– Әдетте, мұндай жобаларды отырғызылған ағаштың санымен немесе атқарылған жұмыстың көлемімен бағалап жатамыз. Алайда, мұндай бастамалардың басты нәтижесі сандармен өлшенбейді. Оның ең үлкен жетістігі – осы іске бейжай қарамайтын адамдар. Ортақ болашақ үшін еңбек етіп жүрген азаматтар. Өйткені, кез келген саябақ жолдан, жарықтандырудан немесе көгалдандырудан басталмайды. Ол ең алдымен осы жерді «өз мекенім» деп қабылдайтын, оған жанашырлықпен қарайтын адамдардан басталады. Жылдар өте әрқайсымыз осы экосаябақтың қалыптасуына өз үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтып отырамыз. Ал, санаулы жылдардан кейін бұл жер Қарағандының ең көрікті әрі тұрғындар сүйіп келетін орындарының біріне айналатынына сенімдімін. Сол кезде бәріміз осы тарихтың бастауы бүгінгі қарапайым, бірақ маңызды қадамдардан басталғанын еске алатын боламыз, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, 16 мамырда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында экосаябақ аумағында «Таза Қазақстан» символикалық белгісі ашылған болатын.

Ал, көгалдандыру жұмыстары 23 мамырдан басталған.

Осы уақыт аралығында 2,6 мың түп емен, алма ағашы, қарағай және қарағаш отырғызылыпты.

Өңір басшысы көктемгі маусым аясында экосаябақ аумағына жалпы саны бес мың ағаш отырғызу жоспарланғанын да атап өтті.


Сонымен қатар, экосаябақты абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары күз мезгілінде де жалғасады.


Қосымша 15 мың түп ағаш отырғызу жоспарланғанын баса айтты.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button