Қарағанды облысы іскерлік байланыстарды кеңейтуде
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағанды облысына еліміздің түрлі өңірлерінен кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдері келіп, өңірдің өндірістік әлеуеті мен инвестициялық жобаларымен танысты. 40-тан астам қатысушы ірі кәсіпорындар мен жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесудің негізгі алаңы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы болды. Мұнда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жаңа өндірістерді іске қосу, кооперацияны кеңейту және инвестиция тарту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Басты назар CargoHUB Karaganda мультимодальды логистикалық хаб жобасына ауды. Жоба әуе, теміржол және автокөлік тасымалдарын біріктіріп, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Cargocity агломерациясын құру, әуежай инфрақұрылымын кеңейту және жаңа сервистік нысандар салу жоспарланған.

Делегация мүшелері Qarmet кәсіпорны, Saran индустриялық аймағы және басқа да өндірістік алаңдардың жұмысымен танысты.

Кездесу соңында өңір кәсіпорындары мен бизнес өкілдері арасында бірқатар ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.

Қабылданған келісімдер өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістерді дамытуға серпін беретіні атап өтілді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


