Аймақ басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарын толғандырған өзекті әлеуметтік мәселелерді тыңдады.

Кезекті қабылдау барысында қала және ауыл тұрғындары абаттандыру, тұрғын үй қорын жөндеу, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары және баспана мәселелеріне қатысты өтініштерін жеткізді.

Қабылдауда Пришахтинск пен Михайловка шағын аудандарындағы зираттар маңындағы жол инфрақұрылымы мен аумақты абаттандыру мәселесі де көтерілді. Қарағандылық тұрғындардың бірі жол бойында көлік қозғалысы кезінде шаңның шамадан тыс көтерілуіне шағымданды. Қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, Пришахтинск аумағындағы аталған учаскеде бір ай көлемінде жолды қиыршық таспен нығайту жұмыстары жоспарланған, ал Михайловкада жаз мезгілінде фрезерленген асфальт төсеу көзделіп отыр.

Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Сәкен көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйге қатысты мәселе қаралды. Тұрғындар шатыр мен қасбетті жөндеуге қолдау көрсетуді сұрады. Үйде тұратындардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Кездесу барысында бұл нысандағы жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың жоспарына енгізілгені айтылды.

Шет ауданы Ағадыр кентінің тұрғыны көшелерді жарықтандыру мен жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесін көтерді. Сонымен қатар тұрғындар тротуар плиткаларының сапасыз төселгеніне қатысты шағым білдірді. Бұдан бөлек, газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігіне байланысты бақылауды күшейту қажеттігі де назарға алынды.

Барлық түскен өтініштер бойынша Ермағанбет Бөлекпаев тиісті салалық басқармалар мен қала-аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жеке тәртіпте қаралып, шешім қабылданатыны айтылды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



