Қарағандыда мұз айдыны бар Keruen Karaganda ойын-сауық орталығы салынады
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағандыда демалыс пен мәдени іс-шараларға арналған ауқымды жоба іске асырыла бастады. Қалада жаңа форматтағы Keruen Karaganda ойын-сауық орталығы салынады.

Аумағы 180 мың шаршы метрден асатын көпфункционалды кешенде заманауи кітапхана, бірнеше залдан тұратын кинотеатр, жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, балалар паркі мен концерттік алаңдар қарастырылады.

Жоба өңірдегі демалыс, мәдениет және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Кешенде фестивальдер, көрмелер, гастрономиялық жәрмеңкелер және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жоба аясында 3900-ден астам жұмыс орны ашылып, өңір экономикасына жаңа серпін беріледі. Keruen Karaganda жобасын KeruenCity Karaganda ЖШС жүзеге асырады. Сәулеттік тұжырымдаманы Лондондағы Chapman Taylor компаниясы әзірлеген.

Жаңа сауда-ойын-сауық орталығы Тәттімбет көшесінде, «Күнгей» шағынауданы бағытына қарай орналасады. Негізгі құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz


