БалқашАймақБас тақырып

Балқаш туризмді дамытуға басымдық беріп отыр

Балқаш туристер үшін қолжетімді әрі жайлы қалаға айналып келеді. Қаладағы әуежайды қайта құру жұмыстары толық аяқталып, 1 маусымнан бастап “Алматы – Балқаш” және “Астана – Балқаш” бағыттары бойынша әуе рейстері іске қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңғыртудан өткен әуежай халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. Нәтижесінде оның өткізу қабілеті 30 пайызға артып, сағатына 60-тан 80 адамға дейін қабылдай алады.

Өңір басшысының айтуынша, Балқашты дамыту тек көлік қатынасымен шектелмейді. Қалада туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Осы мақсатта туристік индустриялық аймақ құру үшін 14 гектар жер бөлініп, алғашқы инвестор құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Бұдан бөлек, «Сарыарқа» ӘКК арқылы тағы екі инвестор анықталған. Оның бірі шипажай, екіншісі қонақүй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамалар әзірленуде.

Туристік маусым басталар алдында Балқашта үш жаңа демалыс аймағы ашылды. Сонымен қатар бизнесті қолдау мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстарына кеткен шығындардың 10 пайызына дейін өтеу қарастырылған.

Жағалауды абаттандыру жұмыстары Шұбартүбек, Тораңғылық, Барковское ауылдарында және Балқаш TourFest өтетін аумақта жүргізілуде. Аталған орындарда тротуарлар салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылып жатыр. Сондай-ақ демалушыларға арналған дәретханалар, жуыну және киім ауыстыратын орындар жасалуда.

Тораңғылық пен Шұбартүбекте дәрігерлерге арналған модульдік полиция бекеттері мен төтенше жағдайлар қызметінің бекеттері ашылады.

Сонымен қатар Балқашқа кіреберісте жанармай құю станциясы мен кафе салынуда. Тағы бес жер телімі аукцион арқылы көпфункционалды нысандар құрылысына берілген.

Өңір басшысы алдағы уақытта да туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button