«Заң мен тәртіп»: Үкімет кәмелетке толмағандар арасындағы бейәдеп мінез-құлық пен вандализмнің алдын алу шараларын күшейтеді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл утралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасына назар аударып, мәдениетсіздік пен вандализм көріністеріне белсенді түрде қарсы тұру қажет. Жақында Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударды. Оны шешуге ерте жастан бастап кірісу керек. Ең алдымен, мінез-құлық мәдениеті, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті дәріптеу, өз елі мен әлем тарихын білу сияқты құндылықтарға баса мән берілуге тиіс. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алуға тартылған барлық қызметтер мен бөлімшелердің іс-қимылын нақты үйлестіру қажет, – деп атап өтті Премьер-министр.
Өскелең ұрпақ арасында мемлекетке, қоғамға және еңбекке деген құрмет қағидаттарын насихаттаудың маңыздылығы атап өтілді.
– ”Заң мен Тәртіп” қағидаттарын, мемлекетке, қоғамға және еңбекке деген құрметті насихаттауға бағытталған шығармашылық және танымдық жобаларды, пікірталас алаңдары мен акциялар өткізу қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



