АймақБас тақырыпҚарағанды

ТМД жастарының жаңа орталығы

Қарағанды қаласы «2028 жыл­ғы ТМД-ның Жастар астанасы» болып жарияланды. Бұл – өңір үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін маңызды халықаралық мәр­тебе. Аталған шешім ТМД Үкі­мет басшылары кеңесінің оты­рысында қабылданып, аймақтың жастар саясатына берілген жоғары баға ретінде бағалануда. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бө­лекпаев әлеуметтік желідегі па­рақшасында мәлімдеді.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Аймақ басшысының айтуынша, бұл мәртебе Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтағы беделін арттырып қана қоймай, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан жастарды қолдау саясатының нақты нәтижесін көрсетеді.

– Бүгінде Қарағанды облысында 303 мыңнан астам жас өмір сүреді. Олар ғылым, білім, кәсіпкерлік, мәдениет және қоғамдық қызмет салаларында белсенділік танытып келеді. Соңғы жылдары Қарағанды өңірінде жастарға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, шығармашылық пен еріктілер қозғалысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, өңірде жастар ресурстық орталықтарының жұмысы күшейіп, жас буынның әлеуметтік белсенділігін арттыруға басымдық берілуде, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды қаласына халықаралық деңгейдегі жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта қалада халықаралық форумдар, жастар фестивальдері, білім беру және мәдени жобалар ұйымдастырылады.

Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға, шетелдік жастар ұйымдарымен байланыс орнатуға және өңірдің туристік әрі инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Мұндай мәртебе Қарағандының инфрақұрылымын дамытуға да серпін береді. Себебі халықаралық іс-шараларды өткізу үшін заманауи алаңдар, мәдени орталықтар мен жастар кеңістіктері қажет болады. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етуі ықтимал. Қарағанды – өндірісі мен білім саласы қатар дамыған ірі аймақтардың бірі. Мұнда бірнеше жоғары оқу орны, ғылыми орталықтар және жастар ұйымдары жұмыс істейді. Қаланың ТМД көлеміндегі жастар астанасы атануы заңды құбылыс ретінде бағалануда.

Өңір басшысы өз мәлімдемесінде бұл жауапты міндетті Қарағанды абыроймен атқаратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол облыс тұрғындары мен Қазақстан жастарын айтулы жаңалықпен құттықтап, ел болашағы жастардың білімі мен жасампаздық рухына байланысты екенін атап өтті.

ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағандының халықаралық имиджін нығайтып, өңірдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жастар дипломатиясы, білім беру және еріктілер қозғалысы бағытында жаңа серіктестіктер қалыптасуы мүмкін. Бұл бастама арқылы Қарағанды ТМД кеңістігіндегі белсенді жастарды біріктіретін маңызды алаңдардың біріне айналмақ.

Бүгінде өңірде жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастармен жұмыс, тұрғын үй бағдарламалары, гранттық қаржыландыру, стартаптарды қолдау және жұмыспен қамту мәселелері басты назарда. Сонымен қатар, жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту, шығармашыл жастарды қолдау және еріктілер қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда.

Мамандар халықаралық мәртебе өңірдегі туризм саласына да оң әсер етуі мүмкін екенін айтады. Себебі жастар форумдары, мәдени фестивальдер мен білім беру алаңдарына шетелдік қонақтардың келуі Қарағандының туристік тартымдылығын арттыра түседі. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету саласының дамуына, шағын және орта бизнестің белсенділігінің артуына ықпал етуі ықтимал.

Қарағанды облысында жастарға арналған инфрақұрылым да біртіндеп жаңарып келеді. Соңғы жылдары коворкинг орталықтары, шығармашылық алаңдар, спорт және демалыс кеңістіктері ашылып, жастар ұйымдарының жұмысына қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу үшін бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшейтіледі деп күтілуде.

Жастар астанасы мәртебесі – тек бір жылдық атақ емес, ол өңірдің болашақ дамуына бағытталған маңызды стратегиялық мүмкіндік. Сондықтан, алдағы жылдары Қарағандыда жастардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға басымдық берілмек. Бұл бастама өңір жастарының әлеуетін ашып қана қоймай, олардың халықаралық деңгейде танылуына жол ашады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button