АймақБас тақырып

Қарағандыда полиция қызметкерлері арасында республикалық чемпионат басталды

Қарағандыда Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында полиция қызметкерлері арасында тұңғыш рет бокстан республикалық чемпионат басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен құқық қорғау органдарының үздік қызметкерлері қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Чемпионаттың ашылу салтанатына министрліктің Жеке құраммен жұмыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков қатысып, министр Ержан Сәденовтің құттықтауын жеткізді.

Суреттер облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен

Биыл алғаш рет өткізіліп отырған бәсекеге 25 командадан 200-ден астам спортшы қатысуда. Олжас Мырзабеков өз сөзінде аталған чемпионаттың тек спорттық дода ғана емес, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын шыңдап, рухын бекемдейтін маңызды алаң екенін атап өтті.

Суреттер облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен

– Бүгінгі турнир тәртіп сақшыларының батылдығы мен табандылығын, темірдей тәртібі мен қайсар рухын айқындайтын айтулы дода. Полиция қызметкері үшін мықты физикалық дайындық, төзім мен мінез – қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан, мұндай жарыстар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылады, – деді ол.

Облыстық полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының инспекторы, полиция капитаны Алишер Сейдуәлиев 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетпек. Жарыстың алғашқы күнінде шаршы алаңға шықпаса да әріптестерін қолдауға арнайы келіпті. Өзі бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Екі дүркін облыс чемпионы. Сондай-ақ, республикалық турнирлерден олжа салып жүрген тәжірибелі спортшы.

– Алғашында грек-рим күресімен айналыстым. Кейін боксқа бет бұрдым. Бокс – ерекше қарқын мен мінезді талап ететін спорт түрі. Бұл спортпен де айналысып жүргеніме сегіз жылға жуықтапты. Чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келдім. Бір жарым ай бойы облыс құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткіздім. Басты мақсат – жеңіс, – деді ол.

Айта кетейік, чемпионаттың ашылу салтанатына танымал спортшылар, спорт ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты. Финалдық жекпе-жектері 29 мамырда өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік боксшылар арнайы марапаттарға ие болады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button