Балқаштағы қоқыс полигонындағы өрттен кейін компанияға 648 750 теңге айыппұл салынды
Облыстық Экология департаменті Балқаш қаласындағы Қоңырат шағынауданы маңында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өрттен кейін «BioEcoService SBA» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында полигон аумағында бірқатар өрескел экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, нысанда өртке қарсы резервуар мен жеткілікті су қоры болмаған. Сонымен қатар, қалдықтарды ылғалдандыру жұмыстары жүргізілмегені белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, полигонда қалдықтар сұрыпталмай жиналып, олардың биіктігі рұқсат етілген деңгейден асып кеткен. Бұдан бөлек, аумақта қауіпті қалдықтарды жағуға арналған пештің орналасқаны анықталған.

Экология департаментінің қорытындысына сәйкес, аталған заңбұзушылықтар 2 мамырда тіркелген өрттің шығуына себеп болған.
Сондай-ақ полигон операторы оқиға туралы уәкілетті органға дер кезінде хабарламағаны белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде «BioEcoService SBA» ЖШС-не қатысты әкімшілік істер қозғалып, заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді. Компанияға 648 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



