Арқа төрінде «Халық әуені» жобасы бастау алды
Сарыарқа төрінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Халық әуені» жобасы тыңдарманға жол тартты. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бастама қазақтың бай музыкалық мұрасын дәріптеп, халық пен дәстүрлі өнер арасындағы рухани байланысты нығайтуды көздейді. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

Облыс әкімі орынбасарының атап өтуінше, жобаның Сарыарқа жерінен бастау алғаны бекер емес.

– Домбыраның күмбірлеген үнін, қобыздың сарынын тыңдаған сайын қазақтың жүріп өткен жолы көз алдыма келеді. Халық түсінігінде музыка тек сауық-сайран құру үшін жаралмаған. Халық аспаптарында орындалатын күйлер ұлтымыздың дүниетанымын бейнелесе, жыр мен терме – жігерін жанып, рухын оятады.
Бүгінде ақпарат көбейіп, технология дамыған сайын адамзаттың табиғи әрі шынайы дүниеге деген сағынышы арта түседі. Осындай кезеңде қолға алынған «Халық әуені» жобасының мәні ерекше. Бұл – халықтың рухани тамырымен қайта қауышуына жол ашатын бастама.
Жобаның Сарыарқа жерінде бастау алғаны бекер емес. Бұл – шертпе күйдің абызы Тәттімбет туған өлке. Бұл – қазақ опера өнерінің көшін бастаған Күләш Байсейітова мен ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың кіндік қаны тамған қасиетті топырақ. Біртума өнер тарландарын түлеткен Арқа жұрты үшін ұлттық өнер – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі рухани өмірдің өзегі.
«Руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мәдениеті мен өнерін ардақтаған халық ешқашан өзінің тарихи жадынан ажырамайды, – деп жазды Әлібек Үсенұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Халық әуені» жобасы – ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған рухани бастама. Жоба аясында дәстүрлі ән, күй, жыр-терме секілді халық өнерінің асыл қазыналары көпшілікке ұсынылып, жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру көзделген.

Сондай-ақ, «Халық әуені» жобасы халқымыздың төл өнеріне деген құрметті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық өнерге қызығушылығын оятуға бағытталған.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



