АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта мәдениет пен өнердің үздіктері марапатталды

Қарағанды облысында Мәдениет қызметкерлері күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, өңірдің мәдениет пен өнер саласына елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандары облыс әкімінің сыйлығымен және мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімінің мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған сыйлығы 2007 жылдан бері табысталып келеді. Бұл марапат мәдениет саласы мамандарының еңбегін ынталандырып қана қоймай, оларды материалдық қолдаудың маңызды тетігіне айналды. 2023 жылдан бастап байқауға «Жыл архивисі» номинациясы енгізілген.

15 жылдан астам уақыт ішінде байқау қорытындысы бойынша 478 адам лауреат атанса, конкурсқа жалпы 1952 үміткер қатысқан. Биыл 22 номинация бойынша 25 сыйлық қарастырылды. Оның ішінде 24 сыйлықтың әрқайсысы – 2 миллион теңге, ал «Мамандығына адалдығы үшін» арнайы сыйлығы – 4 миллион теңге көлемінде белгіленген.

2024 жылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен сыйлық көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар өткен жылы «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы бойынша екі лауреат анықталып, жалпы марапат иегерлерінің саны 26 адамға жеткен болатын.

Биылғы конкурсқа Қарағанды облысының қала-аудан мәдениет және өнер ұйымдарынан, шығармашылық қоғамдық бірлестіктерден барлығы 85 өтінім түсті.

Салтанатты жиында алдымен мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

Мәдениет және өнер саласының ардагері Тұңғышбай Мұқанға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Ал К.С.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының актері Иван  Немцев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі Боранбек  Ахметов пен Рысты Айтбақаеваға табысталды.

«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Серік Мұқанов, Маргарита Туребекова, Балжан Оспанқұлова, Галина Колесникова, Дулат Аханов және Арайлым Жүкенова марапатталды.

Кеш барысында облыс әкімінің сыйлығының лауреаттары анықталды.

«Ауылдағы демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» номинациясында Бұқар жырау ауданы Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Бурашева жеңімпаз атанды.

Биыл алғаш рет тағайындалған «Жыл жүргізушісі» номинациясының алғашқы лауреаты болып Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің жүргізушісі Мейрамгүл Кәріпжанова танылды.

Ал «Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған демалысты үздік ұйымдастырушы» номинациясының жеңімпазы – Мылқаулар мәдениет үйінің сурдоаудармашысы Татьяна Головченко болды.

«Үздік кітапханашы» номинациясында Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Айнұр Шаймұханбетова марапатталды.

«Мамандығына адалдығы үшін» арнайы сыйлығы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Назқоңыр» ансамблінің әртісі Болатхан Ташимовқа табысталды.

Мәдени-демалыс және көркемөнерпаздар шығармашылығы бағытында да үздіктер марапатталды.
«Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» номинациясын Қарқаралы ауданы мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Баян Ахметова иеленсе, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» аталымында Қарқаралы мәдени-демалыс орталығының басшысы Мақсат  Омарбеков жеңіске жетті.

Ал «Жыл хореографы» номинациясында Теміртау Мәдениет сарайының «Вдохновение» ансамблінің жетекшісі Бағлан Қайдасынова үздік деп танылды.

Вокалдық және аспаптық өнер саласында да бірқатар өнерпаздар марапатқа ие болды.
«Үздік классикалық вокалист» аталымында Маржан Буланова жеңімпаз атанса, «Үздік дәстүрлі әнші» номинациясы Меруеш Башайға бұйырды.

«Жылдың эстрада жанрының вокалисі» – Қуат Дүйсенов, «Жылдың үздік инструменталисі» – Гульшахра  Саликова, ал «Үздік композитор» номинациясының иегері Назгүл Таңатар болды.

Кітапхана, музей және архив саласының мамандары да марапат төрінен көрінді.
«Ауылдың үздік кітапханашысы» аталымында Нұра ауданы Изенді ауылдық кітапханасының кітапханашысы Анар Бердешева марапатталды.

«Үздік музей қызметкері» номинациясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Нұрболат Алдабаев үздік атанды.

Ал «Үздік архивист» атағы Қарағанды қаласының мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Алена  Дьяковаға берілді.

Театр өнері саласында «Жыл әртісі» номинациясы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Сұлтан Серікұлы марапатталды. «Жыл актрисасы» аталымының иегері – К.С.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы Светлана Потёмкина.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.

Іс-шара соңында барлық лауреаттар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсіп, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік фуршетке шақырылды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button