АймақБас тақырыпҚарағанды

Қордың қолдауы қомақты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде бұқаралық спортты жүйелі түрде дамыту, әсіресе, өскелең ұрпаққа спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындап берді. Салауатты ұлт қалыптастыру – ел болашағының кепілі екенін ескерсек, бұл бағыттағы ауқымды әрі мақсатты жұмыстардың маңызы зор. Осындай жүйелі қадамдардың нәтижесінде бүгінде Қарағанды облысы, соның ішінде еліміздің металлургтер қаласы – Теміртау заманауи спорттық экожүйенің ірі орталығына айналып отыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тікелей қолдауымен және қаржыландыруымен жүзеге асқан бұл бірегей жоба теміртаулық балалар мен жасөспірімдерге жасалған тамаша тарту болды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жоба басталмас бұрын салалық мамандар мен сарапшылар жүргізген арнайы талдау жұмыстарының қорытындысы, шыны керек, көңіл көншітпейтін еді. Мониторинг нәтижесінде қала мектептеріндегі спорт алаңдарының 90 пайызына жуығы әбден ескіріп, тозығы жеткені және заманауи техникалық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарына мүлдем сай келмейтіні анықталды. Жеткіліксіз әрі сапасыз жарықтандыру жүйесі, заманауи аммортизациялық қауіпсіз жабынның (жасанды көгал немесе резеңке төсеніштер) жоқтығы, құрал-жабдықтардың моральдық тұрғыдан ескіруі өрендердің спортпен шұғылдануға деген ынтасын тежеп, жарақат алу қаупін жоғарылатып келді. Осы өзекті әлеуметтік түйткілді түпкілікті шешу мақсатында «Қазақстан халқына» қоры Теміртау қаласында «толық қамту» моделін іске асыруды қолға алды.

Жобаның басты ерекшелігі мен құндылығы – бұл жекелеген немесе таңдаулы нысандарды ғана ішінара жөндеу емес, тұтас бір өндірістік қаланың мектептік спорттық инфрақұрылымын бір­тұтас әрі кешенді түрде жаңартудың еліміздегі алғашқы бірегей тәжірибесіне айналды.

Қарағанды облысы бойынша «Қазақстан халқына» қоры жалпы құны 24 миллиард 750 миллион теңгені құрайтын 33 ауқымды әлеуметтік жобаны сәтті игеріп, жүзеге асыруда. Осы қомақты қаражаттың елеулі бөлігі, нақты айтқанда 2,5 миллиард теңгесі тікелей Теміртау қаласының балалар спорты инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталды. Инвестициялық құрылымды тарқатып айт­сақ, оның 2,4 миллиард теңгесін «Қазақстан халқына» қоры бөлсе, 100 миллион теңгесін стратегия­лық серіктес ретінде әрекет еткен «Батыр боламын» қоры қамтамасыз етті. Мұндай жүйелі қаржыландыру мен үйлесімді жұмыстың нәтижесі де көп күттірген жоқ. Небәрі үш айдың ішінде қаланың 30 білім беру мекемесінде халық­аралық деңгейдегі заманауи ашық аспан астындағы спорт кешендері бой көтерді. Қысқа мерзім ішінде 30 футбол алаңы, 28 баскетбол-волейбол алаңы, 29 workout жаттығу аймағы, 5 хоккей корты, 30 секіру аймағы мен кедергілер жолағы оқушылар игілігіне берілді.

Жаңадан салынған нысандар­дың технологиялық сапасы мен қолданылған материалдары әлем­дік және халықаралық стандарттардан бірде-бір кем түспейді. Ин­женерлік шешімдер балалардың қауіпсіздігі мен нысандардың ұзақмерзімді төзімділігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Мы­салы, баскетбол алаңдарына орнатылған қалқандар Солтүстік Американың кәсіби лигасы – NBA деңгейіндегі брондалған (соққыға төзімді) шыныдан әзірленген. Ал алаңдардың бетіне түсірілген таңбалар мен бояулар арнайы зауыттық жағдайда 600 градус ыстық температурада күйдіріліп басылған. Бұл инновациялық әдіс спорт алаңдарының сыртқы ауа райының құбылмалылығына (аязға, жауын-шашынға, күн кө­зіне) төтеп беріп, кем дегенде алдағы он жыл бойы ешқандай күрделі жөндеуді немесе жаңартуды қажет етпей, өскелең ұрпақтың игілігіне сапалы қызмет етуіне кепілдік береді.

Жобаның әлеуметтік маңызы мен ел болашағы үшін стратегиялық рөлі туралы «Қазақстан халқына» қорының Басқарма мүшесі Серікбек Елшібеков өз ойын былай деп сабақтады:

– Біз үшін әрбір баланың, оның әлеуметтік мәртебесіне қара­мастан, спортпен жүйелі айналысуға толыққанды мүмкіндігі болуы – басты міндет әрі парыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей, бұқаралық спорт, әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлерде барынша қолжетімді болуға тиіс. Біз Теміртауда орнатқан жабдықтардың сапасы, тіпті, мегаполистердегі кәсіби клубтардың базаларынан кем түспейді. «Батыр боламын» қорымен бірлескен серіктестік аясында біз еліміз көлемінде 200-ден астам мамандандырылған спорт залын салып, іске қостық. Қуаныштысы, сол біз ашқан шағын залдардан бүгінде халықаралық жарыстарда көк Туымызды желбіретіп жүрген әлем чемпиондары шығып жатыр. Теміртауда жаңа алаңда доп теуіп, шынығып жүрген бүгінгі жас жеткіншектерді де жақын арада халықаралық ареналардан, Олимпиада тұғырларынан көретінімізге сенімім кәміл. Мақсатымыз – әрбір баланың тұрғылықты жеріне, ата-анасының табысына қарамастан, ең заманауи алаңдарда тегін жаттығуына жағдай жасау.

Жаңа инфрақұрылымның сапасын іс жүзінде тексеру және жастардың спорттық рухын көтеру мақсатында Теміртау қаласында төрт күнге созылған тартысты әрі тартымды «Қазақстан халқына» қоры кубогы» турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа қатысқан барлық мектеп командалары жаңадан пайдалануға берілген мінсіз алаңдарда өз шеберліктері мен тактикалық дайындықтарын ортаға салып, спортқа деген жоғары ынта-жігерлерін танытты. Жанкүйерлердің де қарасы қалың болып, мектеп стадиондары нағыз спорт мерекесіне айналды. Көпкүндік турнир қорытындысында жеңіс тұғырынан көрінген ең үздік ұжымдар анықталды. Мәселен, 6-7 сынып оқушылары арасында №17 мектеп командасы көшбасшылық қасиеттерімен және ұйымшылдығымен ерекшеленіп, алтыннан алқа тақты. Екінші орынды №12 мектептің командасы иеленсе, үздік үштікті №2 мектеп құрамасы түйіндеді. Ал, 8-10 сынып оқушылары арасындағы жоғары топ бәсекесінде Білім-инновация лицейінің өрендері қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдықпен жеңімпаз атанды. Күміс жүлде №17 мектептің жоғары сынып оқушыларына бұйырса, Ә.Бөкейхан атындағы гимназия оқушылары қола жүлдені қанағат тұтты. Салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы ақшалай сыйлықтар, соңғы үлгідегі заманауи спорттық киімдер, ыңғайлы сөмкелер мен кәсіби доптар жиынтығы табысталды. Бұл марапаттар мен сый-сияпаттар жас таланттардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып, алдағы үлкен облыстық және республикалық, халықаралық жарыстарға дайындықтың сапалы бастауы болмақ.

Теміртауда сәтті жүзеге асқан бұл игі бастама тек осы металлургтер қаласымен ғана шектеліп қалмайды. Бұған дейін де «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен осындай заманауи спорттық нысандар мен алаңдар Қарағанды, Шахтинск, Саран, Балқаш қалаларындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталықтарында кезең-кезеңімен салынған болатын. Бүгінгі таңда пайдалануға берілген жаңа алаңдар мен кешендер тек мектеп бағдарламасындағы дәстүрлі дене шынықтыру сабақтарын өткізумен шектелмейді. Олар мектеп­ішілік және аймақтық спорттық секциялардың жұмысын жандандыруға, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінің бағдарламасын мазмұнды етуге, жергілікті аула клубтарының белсенділігін арттыруға және аймақтағы бұқаралық спортты мүлдем жаңа, сапалы деңгейге көтеруге кең мүмкіндік беріп отыр. Осындай кешенді инвестициялар мен инфрақұрылымдық бетбұрыстар жақын болашақта ел намысын қорғайтын дені сау, рухы асқақ және шымыр ұрпақтың тәрбиеленіп шығуына берік негіз қалайды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button