18 мамыр – Халықаралық музей күні
Музей күні аясында еліміздің бірқатар мұражайында дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтеді. Келушілер үшін арнайы көрмелер, экскурсиялар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.
Қарағандыдағы Долинка кентінде Карлаг музейінің ұжымы жыл сайын 18 мамырда келушілерге ерекше тарихи-мәдени бағдарлама ұсынады.

Акция аясында музей аумағында үрмелі оркестрдің концерті, ретро-автомобильдер мен Карлаг дәуірінің тұрмыстық бұйымдары көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар фотолокациялар, театрландырылған көріністер мен тақырыптық экскурсиялар өтеді. Әр экспозициялық залда Карлаг тұтқындарының өмірінен көріністер сахналанып, қуғын-сүргін құрбандарының естеліктері заманауи технологиялар арқылы көрерменге ұсынылады.
Айта кеткен жөн, музей Долинка кентіндегі бұрынғы Карлаг басқармасының ғимаратында орналасқан. Бұл тарихи нысан 1930-жылдары салынған және бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын маңызды мәдени орындардың бірі.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



