АймақБас тақырып

«Заң және тәртіп»: Халықаралық сарапшылар Қарағандыда бас қосты

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «Құқықтық тәртіп, заңдылық және патриотизм: ұлттық және халықаралық тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шара «Заң және тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру және Қарағанды облысының прокуратурасы жанындағы Жобалық офисінің жүйелі жұмысы аясында ұйымдастырылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аралас форматта өткен конференцияға прокуратура органдарының, облыс әкімдігінің, Қарағанды облысы Полиция департаменті, Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері, ғылыми қауымдастық, профессорлық-оқытушылық құрам, курсанттар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Басқосуда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту, қылмыстық және әкімшілік құқықты дамыту, криминалистиканың заманауи сын-қатерлері және киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.

– Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқықтық мемлекеттің қағидаттарын дамытуға және курсанттар мен студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң. Жас зерттеушілердің ғылыми ізденістері мен тың бастамалары еліміздің өркениетті дамуына, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және «Заң – тәртіптің негізі, ал тәртіп – қуатты мемлекеттің тірегі» қағидатын қоғамда орнықтыруға елеулі үлес қосады, – деді Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Олег Цой.

Конференция барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, цифрлық қауіп-қатерлердің алдын алу және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі білім мен ғылымның рөліне ерекше назар аударды.


– Бүгінде құқықтық тәртіп пен заңдылық мәселелері бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Қазіргі қауіп-қатерлер күрделеніп, қылмыс цифрлық кеңістікке ауысты. Сондықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа буынның кәсіби әрі технологияны жетік меңгерген мамандары қажет.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты осы тұрғыда ерекше маңызға ие. Заңға құрмет әділдік сезімінен, жеке жауапкершіліктен және азаматтық санадан басталады. Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жыл басынан бері 100 мыңнан астам адамды қамтыған 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінгі конференция білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заман талабына сай ойлайтын және жаңа сын-қатерлерге дайын кәсіби ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Конференция барысында қылмыстың жаңа түрлерімен күресу, әсіресе киберқылмыс, интернет-алаяқтық және есірткі саудасының алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибені ұштастыру қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұрудың басты тетігі екенін атап өтті.


– Бүгінде қылмыс түрлері жаңа сипатқа ие болып, олардың басым бөлігі интернет кеңістігіне көшті. Әсіресе, есірткі саудасы мен алаяқтық қылмыстары ұйымдасқан сипат алып, құқық қорғау органдарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Тергеу-оперативтік қызметте заманауи әдістер мен ғылыми тәсілдерді қолдану аса маңызды. Ғылыми ізденістер мен практикалық білімнің үйлесуі ғана бұл қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қарағанды академиясы әрдайым жоғары білікті кадрларымен, іргелі зерттеулерімен және ғылыми әзірлемелерімен ерекшеленіп келеді. Академияда киберқылмысқа қатысты алғашқы пәндер енгізіліп, бүгінде киберқауіпсіздік кафедрасы табысты жұмыс істеп, бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі конференция – жай ғана кезекті іс-шара емес, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстыратын маңызды алаң. Мұнда көтерілген өзекті мәселелер мен ұсынылған шешімдер ғалымдар мен практик мамандар үшін құнды материалға айналады. Академия әрдайым кәсіби тергеушілер мен криминалистерді даярлайтын нағыз кадрлар ұстаханасы болып келеді. Болашақ түлектердің тәжірибе барысында жоғары нәтиже көрсетуі – мұнда мамандарды даярлау сапасының жоғары екенін дәлелдейді, – деді Қарағанды облысының прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Секциялық отырыстарға Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы және Беларусь Республикасы ІІМ академияларының курсанттары қатысып, ғылыми баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті және Bolashaq академиясының студенттері құқықтану мен құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерін таныстырды.


Халықаралық конференция құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мамандардың пікірінше, мұндай іс-шаралар заңдылықты қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіріп қана қоймай, жастардың отансүйгіштік рухын күшейтуге де ықпал етеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button