Елімізде автожол салуда қандай технологиялар қолданылады?
Көпшілік үшін автомобиль жолы тегіс асфальт қабатындай ғана көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында күрделі инженерлік шешімдер мен үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мамандары айтып берді.

Мамандардың айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы бірнеше қабаттан тұратын ауқымды технологиялық жүйе негізінде жүзеге асырылады. Әр қабаттың өзіндік қызметі бар: бірі көлік салмағын біркелкі таратып, жол жабынын сақтаса, енді бірі ылғалды сыртқа шығарып, жолдың отыруы мен бұзылуының алдын алады. Соның арқасында жол жабыны маусымдық өзгерістерге төтеп беріп, ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпайды.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жол сапасының негізгі кепілі – дұрыс дайындалған негіз. Себебі асфальттің астындағы бұл қабат көлік қозғалысынан түсетін негізгі жүктемені қабылдайды. Егер жол негізі сапасыз болса, уақыт өте келе жабын бетінде жарықтар мен шұңқырлар пайда болып, жолдың қызмет ету мерзімі қысқарады.
Бүгінде республикалық автожолдарды салу кезінде асфальтбетон, цементбетон және қиыршық тас негізіндегі заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Бұл тәсілдер жолдардың беріктігін арттырып қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» жол құрылымының ішкі қабаттары мен олардың қызметін түсіндіретін арнайы инфографика әзірледі. Материалда жол құрылысының көпшілік біле бермейтін қырлары көрсетіліп, сапалы жол ең алдымен мықты негізден басталатыны айқын баяндалған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



