АймақРесми

ІІМ жазғы демалыс алдында жастарға ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс қарсаңында оқушылар мен студенттерге үндеу жасады, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Сурет ЖИ

Ведомство өкілдері жаз мезгілінде интернет пен әлеуметтік желілерде «оңай табыс» ұсынатын күмәнді хабарландырулар көбейетінін атап өтті. Алайда олардың артында есірткі тасымалдау, тарату және жарнамалау секілді заңсыз әрекеттер тұруы мүмкін.

– Құрметті оқушылар мен студенттер! Жазғы демалыс қарсаңында Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударады. Санаулы күндерден соң көптен күткен каникул басталады. Бұл – тынығу мен сергуге, жаңа әсер алуға таптырмас уақыт. Алайда бір маңызды мәселе бар бар. Дәл осы кезеңде интернетте және әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табыс табуға бағытталған “тартымды” ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін. Бұл жай ғана қауіп емес, бұл қылмыс. Ішкі істер министрлігі ескертеді: есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін. Бір ғана “жеңіл табыс” бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз. Саналы таңдау жасағаныңыз абзал. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Back to top button