Қарағандылықтар Жеңіс қаһармандарын еске алды
Бүгін – тек мерекелік күн емес. Бүгін – халық жадындағы ең қастерлі күн. Бұл күн адамзат тарихындағы ең ауыр соғыстың зардабын, Жеңістің қандай қымбат бағамен келгенін, бейбіт өмірдің қадірін қайта ұғындырса керек. «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалы жанында Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтіп, осы ортақ тарихи жадтың, ұрпақтар сабақтастығының және ерлікке деген тағзымның айқын көрінісіне айналды.

Таңертеңнен бастап мемориал маңына қала тұрғындары, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, жастар жиналды.

Рәсімнің салтанатты бөлігі «Мәңгілік алау» Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Ең алдымен, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Арман Қалықов, Бауыржан Смағұлов, Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов бастаған ресми делегация мемориалға тағзым етті.

Қарағанды өңірі де бұл ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Соғыс жылдарында республикадан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам шақырылса, оның 60 мыңға жуығы қарағандылықтар еді. Майданнан 25 мың жерлесіміз оралмады. Қарағанды облысынан шыққан 34 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 13 адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Мыңдаған азамат орден-медальдармен марапатталды.

Олардың қатарында есімдері ел есінде сақталған Нұркен Әбдіров, Қазыбек Нұржанов, Мартбек Мамыраев, Петр Теряев, Федор Ульянин сынды батырлар бар. Бұл есімдер кеншілер шаһарының көшелерінде, ескерткіштерінде, мемориал тақталарында ғана емес, елдің тарихи жадында мәңгілікке таңбаланды.

Жиынға сондай-ақ, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Бағлан Өсербаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті, облыс прокуратурасы, полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қорғаныс істері департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және өзге де құрылымдардың басшылары мен өкілдері гүл шоқтарын қойды. Мемориалға ардагерлер ұйымдары, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, кәсіпорындар мен мекемелер, қала тұрғындары да келіп, батырлар рухына құрмет көрсетті.

Жауынгер батырларды еске алу құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды. Мәңгілік алау маңын басқан сол бір сәттік тыныштықта майдан даласында қалған боздақтардың рухына деген елдік тағзым, Жеңісті жақындатқан ұрпаққа деген шексіз алғыс сезілді.

Қарағанды медицина университетінің профессоры Вилен Борисович Молотов-Лучанскийдің айтуынша, 9 мамыр – қарағандылықтар үшін де, тұтас ел үшін де айрықша мәні бар күн.

– Бүгін Мәңгілік алау алаңына қарағандылықтар бостандық үшін, ұрпақтың бақыты үшін өз өмірі мен денсаулығын қиғандарды еске алу үшін жиналды. Мұнда кішкентай балалары бар отбасыларды, достарды, жолдастарды, әскерилер мен азаматтық тұлғаларды, қоғам белсенділерін көріп тұрмыз. Яғни, барлық қарағандылықтар осы күні бір сәт үнсіз қалып, өткен жылдарды саралау үшін осында келеді, – деді ол.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қарағанды облысы бойынша тәжік-ауған шекарасы ардагерлерінің төрағасы Құлжанбек Шүкіржан да ардагерлер ерлігіне тағзым білдірді.

– Ұлы Жеңіс, Екінші дүниежүзілік соғыстың атаулы күні – біздің аталарымыздың қырғын шайқаста болған кезеңін еске салады. Майдангер ретінде мен де ол кісілерді түсінемін. Себебі, біздің жағдайымыз бірдей болмаса да, біз де әскери өмірдің қиындығын бастан өткердік. Окопта, блиндаждарда жаттық. Сондықтан, соғыстың адамға қандай ауыр сынақ екенін жақсы білеміз, – деді ол.

9 мамыр – Жеңістің салтанатымен қоса, ел есінде мәңгі сақталатын тарихи жады жаңғыратын күн. Өткеннің қасіреті қайталанбасын, ел аман, жұрт тыныш, аспанымыз ашық болсын.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



