Маусымнан бастап «Қарағанды – Балқаш» қосымша пойызы іске қосылады
Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Қарағанды өңіріндегі ең танымал демалыс орындарының бірі – Балқаш көліне қатынайтын көлік қатынасы кеңейтіледі. 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №220/219 қосымша жолаушылар пойызы жолға шығады. Бұл пойыз өңір тұрғындары мен демалушылар үшін Балқаш көліне жетуді анағұрлым ыңғайлы етеді.

Жаңа пойыз күнара, яғни тақ күндері жолға шығады. Құрамында алты вагон қарастырылған: екі купе және төрт плацкарт вагоны. Бұл жолаушыларға қолайлы әрі қолжетімді сапар мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Теміржол қатынасымен қатар, жаз айларында Балқашқа әуе рейстері де. Маусымнан тамызға дейін Алматы – Балқаш – Алматы және Астана – Балқаш – Астана бағыттары бойынша тікелей субсидияланатын рейстер іске қосылады.
Облыстық туризм басқармасында атап өткендей, теміржол және әуе қатынасының дамуы Балқаш көлінің жағалауына қолжетімділікті арттыруға және туристер үшін жайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



