ЖаңалықтарАймақ

Шахтинскідегі жарылыс кезінде ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері марапатталды

Қарағанды облысы Полиция департаменті Шахтинск қаласында газ баллоны жарылған сәтте тұрғындарды құтқару барысында ерлік танытқан бес полиция қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын хабарлады.

Суреттер Полиция департаментінен

Қалалық ауруханада ем қабылдап жатқан тәртіп сақшыларын ІІМ жеке құраммен жұмыс істеу департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков арнайы барып құттықтады. Ол Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловпен бірге жарақат алған қызметкерлермен кездесті.

Марапатқа Руслан Тазиев, Асхат Бердібеков, Нұргелді Құлжабеков, Ерназ Өскенбай және Дулат Ситахметов ие болды. Министрлік өкілдері олардың батылдығы мен қызметке адалдығы Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтті.

Еске салайық, 23 наурыз күні Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан болатын. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялап, адам өмірін сақтап қалу кезінде жарақат алған еді.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button