Балқаш өңірінде туристік маусымға дайындық күшейтілді

Тораңғалық және Шұбар-Түбек туристік аймақтарында тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттер ұйымдастырылды. Онда фельдшерлер кезекшілік атқарады, сондай-ақ медициналық колледж студенттері де тартылған. Бұдан бөлек, 70 адамнан тұратын қоғамдық құтқарушыларды даярлау жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында туристік полиция қызметі күшейтілген. Маусым басталғанға дейін жағалау аймақтарында 100-ден астам бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Санитарлық бақылау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 149 демалыс орнының 83-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған, бұл жалпы көрсеткіштің 55,7%-ын құрайды. Оның ішінде 121 демалыс аймағының 78-і (64,4%) және 28 жағажайдың 5-і (17,8%) тиісті рұқсатқа ие.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш демалыс орындарының жартысынан астамы қауіпсіздік талаптарына сай екенін білдіреді. Қалған нысандар бойынша жұмыстар жалғасуда. Маусым басталғанға дейін барлық демалыс орындары міндетті тексерістен өтіп, санитариялық талаптарға сәйкестігін растауы тиіс.
Сонымен қатар, өңірде жағажайлар мен туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Балқаш, Қарағанды, Приозерск қалаларында, сондай-ақ Абай, Нұра және Бұқар жырау аудандарында коммуналдық жағажайларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


