Қарағандыда 79-шы дәстүрлі эстафета басталды
Қарағандыда Ұлы Жеңістің 81 жылдығына және облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газетінің 95 жылдығына арналған 79-шы жеңіл атлетика эстафетасы басталды. Жылдар жалғастығын үзбей келе жатқан жарыс бүгінде тағылымы терең, тарихпен сабақтас рухани шараға айналған.

Эстафетаның ашылу рәсіміне облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Бекзат Алтынбеков, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин және жеңіл атлетика ардагері, Қарағанды өңіріндегі әйелдер арасында жеңіл атлетикадан КСРО-ның алғашқы спорт шебері, Қазақстанның ұзындыққа секіруден үш дүркін рекордсмені Людмила Селиверстова қатысып, жарыс қатысушыларына ақжарма тілегін арнады. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистері одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов, Saryarqa aqparat медиахолдингі директоры Қайрат Әбілда, «Индустриальная Караганда» газетінің редакторы Станислав Песнев те сөз алып, эстафетаның маңызына тоқталды.

– Арқа төрінде ақпарат кеңістігінің шамшырағына айналған, өңір тарихында алтын әріппен жазылған, елге ғана емес, әлемге танылған қос басылым – бұл аймақтың рухани айнасы. Осындай іргелі газеттер игілікті істердің ұйытқысы болып, жұртшылықтың басын жақсылық жолында тоғыстырып келеді. Биыл да сол игі дәстүр жалғасын тауып, 79-шы мәрте ұйымдастырылып отырған эстафетада бас қосып отырмыз. Жыл өткен сайын қатысушылар қатары артып, эстафетаның мәні мен маңызы арта түсуде. Қарағанды қашанда ізгі бастамалардың ордасы десек, бұл жарыс та – сол жақсылықтың жарқын көрінісі. Спорт – өнер, спорт – бәсеке, спорт – ізгіліктің бастауы. Ендеше, осы аламан арқылы жақсылықтың жаршысы болайық, – деді Бекзат Қомарұлы.
Сонымен қатар, спорт ардагері Людмила Селиверстова да сөз сөйлеп, жастарға жылы лебізін білдірді.
– Ең алдымен эстафета қатысушыларына сәттілік тілеймін. Эстафета – кеңінен танылған, ерекше серпін мен эмоцияға толы спорт түрі. Онымен кез келген адам айналыса алғанымен, мұндай ірі додаға кіл мықтылар ғана жиналады. Мықты спортшылардан құралған командалар бұл жарыстың деңгейін айқындайды. Сондықтан мұнда келген әрбір команда біз үшін үздік. Осындай спорттық шаралар адамдарды жақындастырып, өзара таныстық пен достықты нығайтады. Бір алаңда бас қосып, ортақ мақсат жолында күш сынасу – үлкен рухани байланысқа бастайды. Сол себепті де мұндай игі бастамалардан шет қалмай, әрдайым қолдау көрсету маңызды. Спорт – түпкі мақсат емес, ол – биік белестерге жетелейтін жолдың бір бөлігі ғана, – деді Людмила Николаевна.

Айта кетейік, эстафетаның жалпы қашықтығы – 3300 метр, ол 10 кезеңге бөлінген. Барлығы 13 жарыс ұйымдастырылады. Алғашқысы – дәстүрлі «Достық» жүгірісі.

Оған әуесқойлар, ардагерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар қатысуда. Одан кейінгі кезеңдерде тоғыз жылдық және 11 жылдық мектептің ұлдар мен қыздар командасы, спорт интернаттарының тәрбиеленушілері мен ұжымдық командалар өзара бақ сынауда.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



