Ақтоғайда Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған спартакиада аяқталды
Ақтоғай өңірінде ұлт рухын асқақтатқан дүбірлі дода өтті. Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлерінен аудандық спартакиада ел бірлігі мен дәстүр сабақтастығын айшықтаған айтулы шараға айналды.

Ауданның әр түкпірінен жиналған 300-ге жуық спортшы көкпар, аударыспақ, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату және бәйгенің бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады. Ат тұяғы дүбірлеткен, делебені қоздырған жарыстарда қазақ спортының қайталанбас болмысы мен жігіттердің қайраты, қыздардың мергендігі қатар көрінді.

Көкпар додасы көрерменнің делебесін қоздырған басты бәсекелердің бірі болды. Тартысты өткен сайыста Ақши ауылының командасы қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сарытерек ауылы екінші орынды еншілесе, Үшарал құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Шабанбай би ауылы төртінші орынға табан тіреді. Ептілік пен шапшаңдықты талап ететін теңге ілуде Үшарал ауылының спортшысы Мәди Ырыспек қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Оның бапкері мен ат иесінің еңбегі де айрықша атап өтуге тұрарлық.

Ал, дәстүрлі садақ атуда ұлдар арасында Айыртас ауылынан Әбдібай Сарыбаев мергендігін дәлелдесе, қыздар арасында Шынаргүл Бердібек топ жарды. Жеңімпаздардың бұл жетістігінде олардың жаттықтырушыларының кәсіби дайындығы мен жүйелі еңбегі анық байқалды.
Аударыспақ бәсекесінде де нағыз білекті жігіттер іріктелді. 60 келіге дейінгі салмақта Шабанбай би ауылынан Батырхан Марал чемпион атанып, өзінің ғана емес, бапкері мен қолдаушы командасының сенімін ақтады. 70 келіге дейінгі салмақта Сарытерек ауылынан Ибрахим Ыбырай топ жарса, 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбол Шәкәрімов (Шабанбай би ауылы) жеңіс тұғырынан көрінді. 80 келіден жоғары салмақта Үшарал ауылының палуаны Нұрболат Беркінбаев қарсылас шақ келтірмей, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Бұл жеңістердің барлығы — жаттықтырушылардың жүйелі еңбегі мен спортшылардың табанды жаттығуларының нәтижесі.

Жылқы жанды қазақ үшін бәйгенің орны бөлек. Тай жарысында шабандоз Санжар Аққошқаров мінген “Елім-ай” тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Ат иесі әрі бапкері – Айдос Адамбеков (Жарық ауылы, Шет ауданы) тұлпарын дүбірлі додаға жоғары деңгейде дайындағаны анық көрінді. Құнан бәйгеде Сырым Төлегеннің “Сұлуторысы” топ жарып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ат иесі әрі бапкері Мадияр Төлеген (Шет ауданы) жүйрік баптаудағы шеберлігін дәлелдеді.

Ал, аламан бәйгеде Нұрхат Базарбеков тізгіндеген “Байтөбел” тұлпары алдына қара салмай, жарыстың шоқтығын биіктетті. Ат иесі, атбегі Болатбек Төлеутай (Ақтоғай ауданы, Нарманбет ауылы) тұлпарын дүбірлі додаға бабында қосып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, бұл спартакиада тек спорттық жарыс қана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, атбегілік пен бапкерлік өнерді ұлықтаған тағылымды шара болды.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



