ОсакаровАймақБас тақырып

Осакаров ауданында қуаты 500 МВт болатын ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

Қарағанды облысының Осакаров ауданында қуаты 500 МВт болатын ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Жобаның құны 600 млн доллардан асады. Нысан өңірді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Құрылыс Самрук-Энерго мен China Energy International Group компанияларының бірлескен қатысуымен, Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Іргетас қалау рәсіміне мемлекеттік және бизнес өкілдері қатысып, уақыт капсуласын салды.

Жоба Сарыөзек ауылы маңында іске асады. Мұнда 63 жел қондырғысы орнатылады. Әр қондырғының биіктігі – 120 метр, қалақтарының ұзындығы – 80 метр. Бұл көрсеткіштер нысанды елдегі ең ірі жел электр станцияларының біріне айналдырады.

– Бұл станцияның құрылысы – стратегиялық маңызы зор бастамалардың бірі. Әңгіме Мемлекет басшысы басым бағыт ретінде айқындаған жасыл энергетиканы дамыту туралы болып отыр. Бұл өңір үшін маңызды оқиға: жаңа қуат көздері, озық технологиялар және жаңа жұмыс орындары, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Бөлекпаев.

Станцияда соңғы буындағы технологиялар қолданылады. Өндірістік үдерістерді басқару жасанды интеллект арқылы жүргізіледі. Құрылыс кезеңінде шамамен 600 жұмыс орны ашылады, пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты жұмыс орындары құрылады.

Жоба жылына 1,8 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Нысанды 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Осакаров ауданы жел әлеуеті жоғары аймақ ретінде таңдалған. Бұған дейін бұл өңірде қуаты 150 МВт болатын тағы бір жел энергетикасы жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button