«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Қазақстан халық партиясы орталық аппараты ел көлемінде ауқымды бастама көтерген болатын. Жобаға сәйкес, жалпы ұзындығы мың шақырымды құрайтын ауданаралық тасжолдардың бойы қоқыстан тазартылуы қажет-ті. Бұл іске әр облыс 50 шақырымнан үлес қосуы тиіс. Бүгінде партияның Қарағанды облыстық филиалы жанынан арнайы штаб құрылып, нақты жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде, Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округі, Шет және Ақтоғай ауданына тиесілі ауыларалық жолдардың бойы қоқыстан тазартылды. Бұдан бөлек, партия алдағы 10 жыл ішінде, меценаттардың қолдауымен 100 алма және 100 емен ағашы отырғызып, үлкен бақ ашуды жоспарлап отыр.

Филиал өкілдері өткен аптада Үштөбе ауылдық округіне тиесілі ауданаралық жолға сенбілік жасады. Нәтижесінде, небәрі екі сағаттың ішінде 40 қаптан астам қоқыс қалдықтарын жинаған. Облыстық филиалының басшысы Халел Мақсұтов жолдың екі жиегінде қоқыс мөлшерінің көптігін баса атап өтті.
– Жиналған қоқыстың басым бөлігі – шыны шишалар. Негізінен, бұл дала өртінің негізгі себебінің бірі. Уақытылы тазартылмаса, күн сәулесі шыны арқылы шағылысып, өрттің тұтануына әкеліп соғады. Сондықтан, мұндай қауіптің алдын алу үшін табиғатты қоқыстан жүйелі түрде тазарту аса маңызды. Өкінішке қарай, далада әлі де шашылып жатқан қалдықтар аз емес. Бұл қоқыстарды сырттан біреу әкеліп төгіп жатқан жоқ. Оны өзіміз тастап отырмыз. Шын мәнінде, тазалық мәдениеті әр адамның өзінен, өз ауласынан басталуы тиіс, – деді Халел Мұқатайұлы.

Қазақстан Халық партиясының бастауыш партия ұйымдары мектеп аулаларын көгалдандыру ісіне де тұрақты түрде атсалысып келеді. Соңғы екі жыл қатарынан білім беру мекемелерінің аумағына ағаш отырғызу дәстүрге айналған. Мәселен, былтыр күзде Қарағанды қаласындағы бірнеше мектеп ауласына 92 түп көшет отырғызыпты.
– Былтыр отырғызған ағаштардың жай-күйін арнайы барып көрдік. Соның ішінде, тек бесеуі ғана өспей қалған. Қалған 87-сі тамыр алып, жайқалып тұр. Бұл – біз үшін жақсы нәтиже. Алдағы сегіз жылда Қарағанды қаласының құрылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы датаға орай біз ауқымды экологиялық жоба әзірледік. Жоспар бойынша жыл сайын партия атынан кәсіпкерлердің демеушілігімен 100 алма және 100 емен ағашын отырғызу көзделіп отыр. Былтырдан бері облыс әкімдігіне ресми хат жолдап, осы 10 жылдық бастамамызды таныстырған едік. Егер жыл сайын 200 түп көшет егілсе, он жылда олардың саны екі мыңға жетеді. Бұл ағаштарды тұрғындармен бірлесіп отырғызсақ, үлкен саябақ қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ендігі мәселе сол бақты күтіп-баптау мен суару ісін жергілікті әкімдік өз жауапкершілігіне алса деген ұсынысымыз бар, – деді Халел Мақсұтов.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



