Қарағандылықтардың биогаз жобасы Түркияда жоғары бағаланды
Қарағандылық оқушылар Түркияның Анталья қаласында өткен Fibonacci Eurasia Robot Olympiad халықаралық жарысында жүлдегер атанды. Байқауға 11 елден 629 команда қатысты. Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір намысын «Ақпараттық технологиялар» мектеп-лицейінің AIDK robotics командасы қорғады. Аңсар Айткен, Қажымұқан Түсіп және Илья Сон Green Entrepreneurship Challenge санатында екінші орын иеленді.
Оқушылар ауыл шаруашылығы мен экологияға бағытталған «ақылды» биореактор жобасын ұсынды. Жоба жануарлар қалдықтарын биогаз бен тыңайтқышқа айналдыруға мүмкіндік береді. IoT-датчиктер арқылы температура, pH деңгейі және газ көлемі нақты уақытта бақыланып, жасанды интеллект жүйенің тиімділігін арттырады. Нәтижесінде зиянды шығарындылар азайып, алынған газ энергия көзі ретінде пайдаланылмақ.

Жүйе толық автоматтандырылған: деректер Arduino және Raspberry Pi арқылы өңделіп, Telegram-бот көмегімен қашықтан басқаруға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ Inspire girls командасының мүшелері Сезім Серік пен Інжу Қаратай өз санатында үшінші орын алды. Ал Айқын Аблаш қазылар алқасының арнайы сертификатымен марапатталды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



