Қарағандыда «Адал азамат» тақырыбына арналған облыстық форум өтті
Қарағандыда жас ұрпақты тәрбиелеудің заманауи тәсілдері мен ұлттық құндылықтарды ұштастыру мәселелеріне арналған облыстық форум өтті. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

Жиында жауапкершілігі жоғары, қоғамға пайдалы, қиындыққа төзімді әрі ізгілікке негізделген ұрпақ қалыптастыру жайы талқыланды.
Форумға «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен SDU Университетінің өкілдері, өңірдің барлық аймақтарынан мектеп директорлары, психологтар мен әлеуметтік педагогтар қатысты. Басқосу еркін пікір алмасу алаңына айналды.

Іс-шара басталар алдында фойеде «Адал азамат» біртұтас тәрбие жұмысы аясындағы жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әке институтын нығайту, аналар академиясын дамыту, оқушының оқушыға ықпалы, сондай-ақ білім мен спортты ұштастыру бағытындағы бастамалар таныстырылды.
Пленарлық отырыста спикерлер «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру тәжірибесі, заманауи мектептің көшбасшылық рөлі, эмоционалды интеллектіні дамыту және буллингтің алдын алу мәселелерін көтерді.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі тәрбиелік әдістердің негізі қазақтың дәстүрлі дүниетанымымен сабақтас. Мәселен, role model ұғымы «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» қағидасымен үндессе, эмоционалды интеллект «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» түсінігімен үйлеседі. Ал табандылық пен төзімділікке негізделген resilience, grit ұғымдары халық даналығындағы еңбек пен сенімге қатысты нақылдармен астасады.
Жиын қорытындысында бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды заманауи тәсілдермен үйлестіре отырып, ішкі мәдениеті жоғары, адалдықты өмірлік ұстаным ететін тұлға қалыптастыру басты міндет екені атап өтілді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



