АймақБас тақырыпҚарағанды

Табиғатты аялау – адамзатқа парыз

Өткен сенбіде ел көлемінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары өтті. Игі шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ, арнайы телекөпір арқылы 20 өңір тікелей эфирге қосылып, бір мезетте жасыл желек отырғызу ісіне жұмыла кірісті. Бұдан Қарағанды облысы да қалыс қалған жоқ. Сол күні бес мыңнан астам Қарағанды тұрғыны «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы этнопарк аумағына 1500 түп қарағай, қайың және терек көшетін отырғызды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарымен бірге акцияға қатысып, өңірдің дамуына қолайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жалпы, бұл бастамаға ел көлемінде 45 мыңға жуық адам қатысса, соның бес мыңнан астамы Қарағанды тұрғындары екен. Олардың қатарында еріктілер, экологтар, эко-белсенділер, жастар және табиғатқа бейжай қарамайтын азаматтар бар. Олар абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын да қатар жүргізіп, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, жылдар бойы үздіксіз жалғасатын маңызды бастама. Оның мәні мен маңызы Конституция деңгейінде айқындалған. Сондықтан, ең алдымен осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – жай ғана акция емес, әрқайсымыздың күнделікті өмір салтымызбен тікелей сабақтас ұғым. Тазалық әркімнің өз ауласынан басталады. Осы қарапайым қағиданы берік ұстансақ, қоршаған орта да таза, әрі жайлы болары сөзсіз. Баршаңызды алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, туған өңіріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс бойынша «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет болса:

– Бүгін мұнда жастардың қарасы қалың жиналды. Бұл – өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға бейжай қарамайтынының айқын көрінісі. «Таза Қазақстан» – мазмұны терең, идеологиялық мәні зор бастама. Әрбір жас отырғызған ағашының одан әрі күтімі мен өсуіне жауапкершілікпен қарай бастайды. Бұл өз кезегінде оларды өсімдіктер әлемін тереңірек тануға, табиғат заңдылықтарын түсінуге жетелейді. Сонымен қатар, көшет отырғызудың, оны дұрыс баптап, күтіп-өсiрудiң қыр-сырын меңгеруге ынталандырады. Осындай игі істер арқылы жастардың экологиялық мәдениеті қалыптасып, табиғатты аялау – олардың өмірлік қағидатына айналады, – деді ол.

«Amanat» партиясы жанындағы Жастар рухы «Жастар қанатының» белсендісі Зият Сәдуақасов, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысу – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

– Қарағанды жастары бұл бастамадан қалыс қалып жатқан жоқ. Олар тек қатысып қана қоймай, өңір экологиясын жақсартуға үлкен үлес қосып келеді. Жалпы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, ең алдымен, сана-сезім мен жауапкершіліктен басталады. Өйткені, біз қоршаған ортада жалғыз өмір сүріп жатқан жоқпыз. Біздің жақындарымыз, келер ұрпақ бар. Сондықтан, бүгінгі атқарып жатқан әрбір ісіміз тек өзіміз үшін емес, тұтас қоғам үшін маңызды. Сонымен қатар, жастардың жұмысы бір ғана «Таза Қазақстан» акциясымен шектеліп қалған жоқ. Партиялық жобалар аясында жүйелі түрде түрлі экологиялық шараларға қатысып келеміз. Соның бірі – «Таза бейсенбі» акциясы. Бұдан бөлек, «Жастар рухы» ұйымының бастамасымен жыл сайын роуд-эстафета ұйымдастырылады. Акция аясында облыстық және республикалық маңызы бар автожолдардың бойын қоқыстан тазартуға шығамыз, – деді Зият Айдынұлы.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парк ұжымы облыстық орман шаруашылығы инспекциясымен, экология департаменті және туризм басқармасымен бірлесіп, акцияға белсене атсалысуда. Әрі Ұлттық парк этнопарк аумағына 200 түп ағаш тарту етті.

– Мекеме тарапынан табиғатты қорғауға бағытталған «Парктер шеруі» экологиялық акция жүзеге асырылып келеді. Бұл акцияның қолға алынғанына көп уақыт болмаса да, оның аясында бірқатар игі жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, біз жүйелі түрде көшет отырғызу жұмыстарымен айналысамыз. Биыл кең көлемде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына арнайы қатысып, Дүниежүзілік ағаш отырғызу күніне орай этнопаркке 200 түп ағаш тарту еттік. Бұл тек қоршаған ортаны көгалдандыру деген сөз емес. Бұны біз келешек ұрпаққа жасалған маңызды инвестиция деп білеміз. Алдағы уақытта да осындай экологиялық бастамаларды жалғастырып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргіземіз, – деді Қарқаралы мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі басшысының орынбасары Жанайым Әбеуова.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде 5 мың ағаш егілген болса, маусым соңына дейін тағы 31 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button