АймақЖаңалықтар

«Qasymkitap» баспасы үздіктер қатарынан көрінді

Елорда төрінде бес күн бойы кітапқұмар қауымның ордасына айналған «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX халықаралық көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Орталық Азиядағы ең ірі мәдени алаңдардың бірі саналатын бұл дүбірлі жиында Арқаның абыройын асқақтатқан «Qasymkitap» баспасы қос бірдей номинация бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Сурет ұйымдастырушылардан

22-26 сәуір аралығында Президент орталығында өткен көрме биыл өзінің халықаралық мәртебесін айрықша нығайтты. Бес құрлықтың басын қосқан жәрмеңкеде 80-нен астам ұйым – баспалар, ғылыми-білім беру орталықтары мен полиграфиялық алпауыттар қатысқан көрмеге әлемнің 15 елінен өкілдер келді. Түркия, Қытай, Испания, Иран секілді тұрақты қатысушылардан бөлек, биыл тұманды Альбион – Ұлыбритания алғаш рет өз өнімдерін ұсынды.

Көрме аясындағы ең басты айшықты оқиға – 23 сәуір, Ұлттық кітап күнінде өткен республикалық байқаудың қорытындысы. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған бұл додаға 32 баспадан 155 өтінім түскен.

Байқаудың негізгі бағыттары – «Балалар әдебиеті», «комикс» және «фантастика», «Нон-фикшн» (танымдық, психологиялық, бизнес); «Детектив және сатира жанрлары»; «Үздік иллюстрация және аударма»; «Жыл кітабы» (Гран-при).

Биылғы бәйгеде «Qasymkitap» баспасы оқырман мен сарапшылардың жоғары бағасын алып, қос бірдей биікті бағындырды. «Үздік баспа» номинациясы бойынша – ІІ орын. «Детектив жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша – ІІ орын.

Біздің баспада Тұрсынбек Әлиұлы ағамыздың «Улуру» атты хикаяты кеңінен сұранысқа ие. Бұл туындының мазмұны мен детективтік иірімдері оқырманды баурап алды. Халықаралық деңгейдегі көрмеде осындай баға алу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Жалпы, біздің баспамыздың басты миссиясы – оқырманды арзан дүниелермен алдау емес, оны биік талғамға жетелеу. Біз әрбір шығарманы іріктегенде оның танымдық деңгейі мен көркемдік сапасына, тілінің шұрайлылығына баса назар аударамыз, – дейді баспа редакторы Гүлдана Қуатқызы.

Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл жәрмеңке еліміздің кітап нарығы тек ішкі сұранысты ғана емес, халықаралық деңгейдегі бәсекелестікті де игеріп жатқанын көрсетті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button