Қарағанды облысы телекөпір арқылы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Бүгін елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары өтті. Игі шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ, арнайы телекөпір арқылы 20 өңір тікелей эфирге қосылып, бір мезетте жасыл желек отырғызу ісіне жұмыла кірісті. Осы қатарда Қарағанды облысы да белсенділік танытты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев еріктілермен бірге акцияға қатысып, өңірдің дамуына қолайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Жалпы, бұл бастамаға ел көлемінде 45 мыңға жуық адам қатысса, соның бес мыңнан астамы Қарағанды тұрғындары. Олардың қатарында еріктілер, экологтар, эко-белсенділер, жастар және табиғатқа бейжай қарамайтын азаматтар бар.

Акцияға қатысушылар қаланың этнопаркі аумағында 1,5 мың түп қарағай, қайың және терек көшетін отырғызды.

Әрі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын қатар жүргізіп, табиғатқа деген жанашырлықтың, экологиялық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, жылдар бойы үздіксіз жалғасатын маңызды бастама. Оның мәні мен маңызы Конституция деңгейінде айқындалған. Сондықтан, ең алдымен осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – жай ғана акция емес, әрқайсымыздың күнделікті өмір салтымызбен тікелей сабақтас ұғым. Тазалық әркімнің өз ауласынан басталады. Осы қарапайым қағиданы берік ұстансақ, қоршаған орта да таза, әрі жайлы болары сөзсіз. Баршаңызды алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, туған өңіріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде 5 мың ағаш егілген болса, маусым соңына дейін тағы 31 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



