АймақБас тақырып

Қарағандыда жасанды интеллект мектебі ашылды

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ел бойынша білім беру бастамаларына ресми старт берді. Телемост арқылы 14 өңірде Tomorrow School жасанды интеллект мектептері іске қосылды. Қарағандыда жоба Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында ашылды. Ол облыс әкімдігі мен университеттің бірлескен бастамасы.

Суреттер облыс әкімдігінен

Мектепте оқу тегін, кәмелетке толған барлық азаматтарға қолжетімді. Бағыттар: жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, AI-инженерия және ойын әзірлеу. Оқу peer-to-peer әдісімен өтеді, сыйымдылығы – 50 орын.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады, алғашқысы – қарқынды «бассейн» курсы. Дәстүрлі сабақтар жоқ. Студенттер өзара тәжірибе алмасу арқылы білім алады.

– Қазақстанда Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Президент тапсырмасын іске асыру аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында Tomorrow School ашылып отыр. Мұнда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, AI-инженерия және ойын әзірлеу бағыттары бойынша білім беріледі, — деді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Марлен Әмірбек.

Оқу 1,5 жылға созылады. Мектеп 24/7 жұмыс істейді, студенттер оқу кестесін өздері жоспарлайды. Бағдарлама барысында қатысушылар жобалар жасап, соңында нақты мамандық бағытын таңдайды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button